Атырау облысында «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» есебіне 6 млрд 128 млн теңге, оның ішінде жеке кәсіпкерлерден - 293 млн, жұмыс берушілерден - 5 млрд 835 млн теңге жарна аударылды. Бұған қоса, 15 қыркүйекте бүкіл республика бойынша тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны басталды. Аяқталу уақыты – 15 қараша. Бұл туралы брифингте денсаулық сақтау басқармасының өкілі Аманжол САҒЫНҒАЛИЕВ хабарлады.
- Жыл сайын осы екі айда азаматтарда, егер олардың қазіргі емханалары көңілдерінен шықпаса – ауыстыруға, ал нарыққа қатысушыларда, соның ішінде жаңа қатысушыларда – келер жылы тұрғындарға қызмет көрсетуге тапсырыс алу мүмкіндігі пайда болады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ:
- Медициналық сақтандыру 2020 жылдан бастап барша азаматтар үшін міндетті болғандықтан, аударымдар мен жарналарды барлығы жасау керек. Сондықтан өткен жылы облыста өзін жұмыспен қамтыған тұрғындарды рәсімдеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Жыл басынан бері мәртебесі жоқ 54 668 тұлғаның бүгінде 22 922-сіне мәртебе берілді.
Әрі қарай «АЖ» сұрақтарына облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі жауап берді:
- Науқан кезінде қандай да болмасын шектеу бар ма?
- Дәрігерлер мен кезек санына түсетін жүктемені азайту үшін жалпы тәжірибедегі бір дәрігерге 1700 адамды тіркеу лимиті енгізілді. Бұрын бұл көрсеткіш 2000 болды.
- Емханаға тіркеудің қандай тәсілдері бар?
- Қазіргі кезде тіркеуді үш тәсілмен: таңдаған медициналық мекемеге тікелей бару, www.egov.kz электронды үкіметінің порталы арқылы немесе ХҚКО-дағы өзіне өзі қызмет көрсету секторларында жүзеге асыруға болады.
- Тұрғындар емханаларға өздігімен жүре алмайтын туыстарын тіркей алмайтындығына шағымданады.
- Егер туыстарыңызды тіркегіңіз келсе, онда сізде оның жазбаша келісімі мен жеке бас куәлігінің көшірмесі болуы тиіс. Егер бұл сіздің балаңыз немесе кәмелетке толмаған басқа туысыңыз болса, онда оның туу туралы куәлігі мен сіздің оның ата-анасы немесе заңды өкілі екеніңізді растайтын құжатыңыз болуы тиіс.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор