Атырау, 26 желтоқсан 00:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Әкім тапсырмасы

2 614 просмотра

18 шілдеде қалалық мәслихат депутаттарының алдында жарты жылдық жұмыс қорытындылары бойынша Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВ есеп берді. Алайда облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ әкім есебін әлсін-әлі өз комментарийлерімен бөліп отырған шараның басты тұлғасына айналды.

БАЛАБАҚША -АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫНА

Әңгіме балабақшалар туралы болған кезде, облыс әкімі қысқа да нұсқа, есте қаларлық әңгіменің бетін қайырды:

- Жаңа балабақшалардың салынып жатқанына қарамастан, олар жеткіліксіз. Соның салдарынан орындарды бөлу әділдігі туралы көп әңгімелер айтылып жүр. Жыл басында ірі кәсіпорындарға ведомстволық балабақшалар ашуға тапсырма бердім. Бірақ олар орындауға ниет білдіріп отырған жоқ. Мемлекеттік балабақшалар аз қамтылған отбасылардың, мұнайшыларға қарағанда жалақылары 4 есе аз мұғалімдер мен дәрігерлердің балаларына арналған. Бүгінгі күннен бастап (қала әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЕВАҒА бұрылып) мұнайшылардың, АМӨЗ және басқа ірі кәсіпорындар қызметкерлерінің балаларын шығарыңыздар және алдағы уақытта бұл мекемелерге қабылдамаңыздар. Сіз өзіңіз жауап беретін боласыз. Ал олардың орнына ең алдымен аз қамтылған отбасының және бюджет қызметкерлерінің балаларын қабылдаңыздар. Сонда балабақшаларға деген нақты қажеттілік айқын көрініс табатын болады. Кәсіпорын қызметкерлері наразы бола бастаса, олардың басшылығы, ақыр аяғында, ведомоствалық балабақшалар салу туралы ойланатын шығар.

Алайда егер бұл өз тапсыр-масының орындалмағанына ашуланған аймақ басшысының бір сәттік қана реакциясы емес, әрекет етуге нұсқауы болса, бұлай етуі заңды ма деген сұрақ туындайды.

СТОП-КАДР

Денсаулық сақтау мәселесін қозғаған Рысқалиев облыстың емханалармен және ауруханалармен толық қамтылғанын, Нұрсая ықшамауданынан ғана емхана салу күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді. Жалғыз ғана кадр мәселесі проблема боп қалып отыр:

- Алматы мен Қызылордадан келген бірнеше дәрігерлердің уәде етілген пәтерлерді ақыры алмастан кері кетіп қалғанын жақында ғана білдім. (Қарамағындағыларға қарап). Сіздер қайда қарап отырғансыздар? Асқар Абайұлы, шақырылған мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге өзіңіз жауап бересіз, аудан әкімдерімен жеке сөйлесемін. 2013 жылға дейін 250 дәрігерді баспанамен қамтамасыз етеміз.

Облыс әкімі басқа аймақ-тардан шақырылған педагогтар мен құқыққорғау органдары қызметкерлерінің пәтерлерді алған соң, оларды туыстарына рәсімдеп, кері елдеріне кетіп қалған фактілер туралы хабарлады:

-  Әлеуметтік сала қызметкерлері үшін мынадай шарт қойылған: 7-8 жыл жұмыс жасамаса, олардың пәтерді өз атақтарына рәсімдеуге құқылары жоқ. Егер адам мамандығы бойынша жұмыс жасамаса, оны полицияның көмегімен пәтерден қуып шығыңыздар. Ал оның орнына басқа мұғалімді немесе медикті қоныстандырыңыздар.

Ол сондай-ақ, қалалық әкімдікке игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен «ҚазМұнайГаз» бөлген (22 млрд теңге) қаржыға Байшонас пен Ескене поселкелерінің тұрғындарын көшіру үшін жаңа тұрғын ықшам аудандарын салуға жер бөлу жұмыстарын тездетуді тапсырды:

- «ҚазМұнайГаз» 5,2 млрд теңге бөліп отыр. Алайда қалада жер тапшы болғандықтан біз құрылыс жұмыстарын бастай алмай отырмыз. Ал мұны созуға болмайды, екі поселкенің халқы көшуге дайын отыр. 15 күннің ішінде жер бөлу жұмыстарын аяқтап, тендерлік процедураларды бастауды жүктеймін.

 

ИНФЛЯЦИЯ КӨМЕККЕ КЕЛЕДІ

Атыраулықтардың терможаңғырту бағдарламасына қызығушылық танытпай отырғандықтарын Рысқалиев «олар өз пайдаларын бағаламай отыр» деп түсіндірді:

- Қазір үйдің жалпы жөндеу жұмыстары әрбір пәтердің тұрғындарына орташа алғанда айына 1-1,5 мың теңгеге шығады. Бұл сома оларға ауыз толтырарлықтай көрініп отыр. Бірақ бірер жылдан соң қазіргі инфляциямен бұл цифр үш есе құнсызданып кетеді. Осыны адамдарға түсіндіріп, Атыраудағы және аудандардағы тозығы жеткен көппәтерлі үйлердің барлығына жөндеу жүргізу керек. Осындай барлық үйлерді 2 жыл ішінде оларды жөндеу үшін терможаңғырту тізіміне енгізуге тапсырма бердім. Республикалық трансферттен басқа облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлеміз. Сонда қала едәуір жаңаратын болады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 шілде 2012, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.