Атырау, 25 желтоқсан 23:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Сергелдең

1 639 просмотра

Атырау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының  Құрманғазы аудандық филиалының бұрынғы жетекшісі Хайырбек ӨТЕПБЕРГЕНОВ бүгінде жұмыссыз отырғанына бір жылдай болды. Ол соттың шешімімен бұрынғы лауазымына қайта орналасу құқығына ие болғанымен үш айдан бері сенделіске түсіп жүрген жайы бар. 

БАСШЫҒА ЖАҚПАУ

Құрманғазы аудандық ХҚКО-ның ғимараты бүгінде жергілікті әкімдіктің балансында. Мұнда ХҚКО-дан  басқа аудандық әділет бөлімі, аудандық ІІБ-нің көші-қон бөлімшелері орналасқан. Өтепбергеновтың айтуынша, осыған орай бөлмелердің жетіспеуіне байланысты халыққа қалтқысыз жұмыс істеу мүмкін болмаған. Бұдан бөлек, ғимараттағы электр токтарының әлсіздігі мен олардың жұқа сымдармен жалғануы өмірге қауіп туғызған. Жарық шамдары қысқа тұйықталу мен әлсіз байланудың салдарынан жанып кеткен. Онымен қоймай, электр сымдарының қорапшалары от шашса, электр есептегіш автоматтар мен лампалар қызметкерлерден ақша жинап жаңартылып отырылған. Жаңбыр жауса төбеден су кетіп, сылақтар түсіп, есіктер дұрыс жабылмайтын күйге түскен. Су құбыры, болмаса су құятын орын да жоқ екен. Міне, осыларды аудандық әділет бөлімі және аудандық ХҚКО басшылығы Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан ТАКЕШОВКЕ ескертіп, ғимаратқа күрделі жөндеу қажеттігін мәлімдеген.  

- Мен аудандық ХҚКО-ны 4 жыл басқардым. Біз отырған ғимаратқа қатысты барлық жағдайды баяндап, Атырау облыстық ХҚКО мекемесіне де хаттар жолдадым. Сервердегі құрылғының дұрыс жұмыс жасамауынан халықтан құжат қабылдау мүмкін болмай отырғанын, мұрағат құжаттарының сервер құрылғысы бөлмесінде орналасуы өрт қауіпсіздігінің талабына сай келмейтінін бірнеше рет жаздым. Ал бұл қолайсыздықтар халықтың ренішін туғызумен болды. Басшылық болса, шара алудың орнына өзімнен кінәрат іздей бастады. Себебі менің сын-ескертпелерім жақпады, - дейді Х.Өтепбергенов.

ҚУДАЛАУ

2011 жылдың 11 тамызында «жұмысты ұйымдастыра алмағаны» үшін Атырау облыстық ХҚКО басшылығы Өтепбергеновке қатаң сөгіс берді.

2011 жылдың 23 қарашасында Атырау облыстық ХҚКО басшылығы бастаған комиссия Құрманғазы ауданына барғанда халық кезегінің көптігін, мекемедегі қызметкерлердің корпоративтік мәдениеті мен этикасының ережелерін сақтамай жүргенін тіркеп алған. Іле-шала 2011 жылдың 28 қарашасында Атырау облыстық ХҚКО директоры Қайрат Қоныс Х.Өтепбергеновпен арадағы еңбек келісім-шартын бұзды. Ал Хайырбек мұны орынсыз қудалау деп есептейді.

- ХАП-ты (модем түрі – Л.Қ.) ауыстыру, қызметкерлерге порталға ену құқын беру, базаны көшіру туралы өтінішімізді аяқасты еткен өздері. Халық кезегінің көбеюіне себеп болған осы жайттар. Оның үстіне 2011 жылы 22 қарашада ғимаратта 14.00-ден 18.45-ке дейін жарық болмай, жұмыс жасай алмадық, оның актісі бар. Ал 23 қарашада келген комиссия шереттің көптігін көргенімен оның себебіне үңіліп жатпады. Бұдан бөлек, бұл ғимаратта бізден басқа да мекемелердің бар екендігі есепке алынбады.

СОТТАСУ

Хайырбек облыстық ХҚКО бастығы Қ. Қоныстың үстінен қалалық сотқа арызданды. 2012 жылдың 20 сәуірінде Атырау қалалық сотының судьясы Ж. ЖҰМАЛИЕВАНЫҢ жетекшілік етуімен өткен сотта жәбірленуші Өтепбергенов басшылықпен келіспейтінін және жұмыстан шығару негізсіз екенін жеткізген еді. Осылайша, сотта шындығында ХҚКО-дан барған комиссия бір күн бұрын ғимаратта жарықтың болмағанын есепке алмағаны және жетекшінің ескертпе хаттары назарға алынбағандықтан мәселе ушыққандығы белгілі болды. Сөйтіп сот Атырау облыстық ХҚКО-ның Өтепбергеновтің тарапына берген 2011 жылғы 11 тамыздағы №568 санды, 2011 жылғы 28 қарашадағы №847 санды бұйрықтарды (қатаң сөгіс, еңбек келісім-шартын бұзу) заңсыз деп танып, күшін жойды. Және, Х.Өтепбергеновтың жетекші лауазымына қайта алынуы мен бос жүрген уақыты үшін 386 200 теңге еңбекақысын өндіру жөнінде сот шешімі шықты.

- Мен облыстық прокуратураға, Атырау облысының сот актілерін орындау департаментіне арыздандым. Қалай еткенде бұрынғы жұмысыма қайта оралғым келеді, - дейді Хайырбек Өтепбергенов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 шілде 2012, 20:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.