«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау филиалы 2017 жылы 98 млн теңгеге инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырды. Бұл туралы филиал директорының орынбасары Серік ҚЫДЫРОВ облыстық монополияға қарсы департаменттің өзі жетекшілік ететін кәсіпорындарға ұйымдастырған кезекті баспасөз туры барысында хабарлады.
- Қазір Құрманғазы ауданындағы Азғыр өңірін газдандыру жүріп жатыр. Бұл магистралды іске қосу қаншалықты шығынды?
- Әзірге бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Бізге ешкім әлі құбырды тапсырған жоқ. Оны біздің балансқа тапсырғанға дейін облыс әкімдігі бізбен газ құбырларын пайдалану келісімшартына қол қояды. Қашан бізге осындай ұсыныс келеді, сол кезде бәрін есептеп шығарамыз.
- Маусымда табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астанадағы бас кеңсесі ҚТГА-ның, соның ішінде Атырау облысындағы тұтынушыларына газ жеткізудің қолданыстағы немесе жобаланған бағаларын төмендету туралы қорытынды шығарған болатын. Аз уақыт бұрын уақытша өтемақы тарифі туралы хабарланған еді. Не болып жатыр?
- ҚТГА республикалық реестерге енгізілген. Алайда 2016 жылы ҚТГА-ның қоғамдық тыңдауларды қызметті өткізетін жерде емес, Астанада өткізуіне мүмкіндік беретін ереже Атырау облысының кейбір тұрғындарының наразылығын тудырды, - деп түсіндіреді табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бөлімінің жетекшісі Наталья ДЮСЕМАЛИЕВА. – Сол себепті Астанадағы Комитетіміз газ тасымалдау бойынша қызмет түрін жергілікті реестрге беру туралы шешім қабылдады. Дегенмен, газ үшін соңғы баға Комитет құзырында қалды. Не болды дедіңіз: алдымен ҚТГА Қазақстандағы газдың көтерме бағасы өсті деп, бағаны өсіру туралы мәлімдеме жасады. Кейін облыстық департамент газдың соңғы бағасына тікелей әсер ететін тасымалдау үшін уақытша өтемақы тарифін енгізді («Нан алуға жетеді»). Осындай дәлелді қорытынды шыққаннан кейін тариф автоматты түрде төмендеді.
- Жөндеу жұмыстары қандай қарқынмен жүргізілуде, себебі, қаланың тең жартысы газсыз отыр.
- Жылыту маусымы басталмай тұрып жоспарлы жұмыстарды жүргізгіміз келді. Алайда АМӨЗ басшылығы газбен қамтуды тоқтатпауды сұрағандықтан 10, 10 қыркүйекте АГРС-1 ажырата алмадық. Күтудеміз. Жөндеу бригадалары тұрып қалмас үшін оларды қосымша газ құбырлары желісіне жібердік. Өшіреміз – қайта қосамыз. Жөндеу жұмыстары қысқа-қысқа уақыт жүргізілуде.
- Атырауда неліктен жыл сайын газды ұзақ уақытқа ажыратады?
- Біз газды жоғалтпай, үзіліссіз беруге мүдделіміз. Мұндай ажыратулар қыс мезгілінде апаттардың алдын алу үшін керек.
- Облысымыз газ алатын Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының жағдайы қалай?
- Менің бұл сұраққа жауап беруге құқығым да, құзыретім де жоқ. Пайдалануға беруші мекеме бар, солардан сұраңыз.
- Самал тұрғын үй массиві тұрғындары дабыл қағуда: қыс болса келіп қалды, ал газдандыру жүргізілгенмен, газ беруге ешкім асығар емес...
- Газдандыру жұмыстарының тапсырысшысы қалалық әкімдік, мердігер – «Атырау Көлік» ЖШС. 20 тамызда қала әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ тұрғындармен кездесті. «Атырау Көлік» іске қосу жұмыстарына ақша төледі, техникалық құжаттарын тапсырды, алайда бұл нысанды тапсырды деген сөз емес. Себебі, тапсырысшы – қалалық әкімдік, соларға тапсыру керек. Әкімдік қызмет көрсету туралы бізбен немесе басқа мекемемен нысанды тапсыру-қабылдау рәсемдері аяқталғанша келісімшартқа қол қоюы керек. Сол мекеме пайдалануға беру шығындарына жауапты.
- Газ үшін ең үлкен борышкер кім?
- Борышкерлердің 90 пайызы – қала мен аудандардағы бюджеттік мекемелер. Олар былтырғы қыстағы газ үшін ақша төлеп болған жоқ. Бюджеттік мекемелердің басшыларының айтатындары бір: енді аз ғана күте тұрыңыз, ақша бар, мәслихаттың бекітуін күтудеміз. Газды жылу маусымында, әрине, береміз. Бюджеттік мекемелер қарыздарынан құтылатынына сенеміз. Бұдан бөлек Балықшыдағы қазандықтың «Құспанов» ЖК басқарған кезден 25 млн теңге қарызы қалды. Олармен соттасып жатқанымызға екі жыл болды. Автокөлікті тәркіледі, алайда ескі техника кімге керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ