Атырау, 25 қараша 20:43
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бір шатыр бәрін бүлдіріп тұр

3 008 просмотра


Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. «АЖ» тілшісі өңірдегі 7 ауданның білім бөлімдерінен мектептердің дайындығы туралы білді.

ЖЫЛЫОЙ ауданында 20 мектеп және 5 мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды. Мектептерді жай жөндеу жұмыстарына 16 млн теңге жұмсалып, қазандықтарды жуып-шаю жүргізілді. Биыл аудан мектептері үшін «физика кабинеттері» сатып алынған. Аудандағы басты проблема – кадр жетіспеушілігі, бүгіннің өзінде 84 пән мұғалімі керек. Орал, Атырау, Алматыдағы педагогикалық жоғары оқу орындарынан мамандар «жәрмеңкесіне» қатысып, 42 жас маман келетін болған. Осыған дейін 32 мұғалімге 20 қызметтік пәтер бөлінген. Биыл тағы 10 қызметтік пәтер берілмекші.

Қызылқоға ауданы бойынша 6 036 оқушы 13 орта және 4 бастауыш мектепте оқитын болады. Кітапханаларына 12 баспадан 83 мыңға жуық дана оқулық бөлінді. Барлық оқу орны бейнебақылаумен жабдықталған. Ыстық тамақпен қамтамасыз ету де қолға алынып, Сағыз аулында салынып жатқан жаңа мектеп қыркүйекте пайдалануға берілмек. 58 турникет алу үшін ашық конкурс жарияланған.

Құрманғазы ауданында 1 қыркүйекте 80 орындық Лабай мектебі мен 300 орындық Гагарин мектебі қолданысқа беріледі. Жасталап және Қызылоба ауылдарындағы жаңа мектеп құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Биыл бюджеттен 533 млн теңгедей бөлініп, Манаев, Алтынсарин орта мектептері, Нұрпейісова мектебінің жатақханасы күрделі жөндеуден өтті.

МАҚАТ ауданында 9 мектеп бар. Қаңтардағы қатты желден Доссордағы Сарғұнанов атындағы орта мектебінің ұшқан шатыры әлі салынбапты. Бүлінген жердің көлемі небары 48 шаршы метр. Аудан әкімдігі жаңа мектептің шатырын жөндеу демеушілікпен іске асатынын айтты. Көп балалы, жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап киім, оқу құралдарымен қамтамасыз ету акциясы өткізіліп жатыр.

МАХАМБЕТ ауданында биыл 15 мектепке физика кабинеті алынып, 2 мектепке 18 бейнебақылау орнатылған. Жалпы мектептерде 28 физика, 11 биология, 18 химия кабинеті жұмыс жасап тұр. Биыл да, әдеттегідей, мектебі жоқ шағын елді мекендердің балалары (331) басқа ауыл мектептеріне қатынап оқиды. Оларға арнайы көліктер бөлінген.

Биыл аудан мектептерін жай жөндеуден өткізу мен қысқа дайындығына бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Сондай-ақ, оқулық, әдістемелік құралдар алу үшін жалпы 170 млн теңге қаржы бөлінді.

ИСАТАЙ ауданындағы барлық 15 мектеп жәй жөндеуден толық өткізіліп, 5 мыңнан астам оқушыны қабылдауға дайын. Биыл білім алады. Жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың киім-кешек, оқу құралдарын алып беру үшін «Мектепке жол» акциясына байланысты мекемелерден демеушілік көрсетілді. Аудан бойынша 112 млн теңге ыстық тамақпен қамтуға бөлінген. 4 мектепке балалар қатынап оқуы үшін үш автобус, бір Газель көлігі бөлінген. Орыс тілі мен математика мұғалімдеріне сұраныс бар.

ИНДЕР ауданындағы мектептерді жәй жөндеуден өткізуге 3 млн теңге қаржы бөлініп жүзеге асты. Мектептерге 19 жас маман келгенімен, әлі қазақ және орыс сыныптарына саз, орыс тілі мен әдебиеті, математика, технология, геоерафия пәндері, бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс бар. Биыл 182 мұғалім жетілдірілген деңгейлік курстан өтіп келген. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 тамыз 2018, 11:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.