Ертең барша мұсылман халқы үшін қасиетті Рамазан айы мен Ораза басталады.
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай СӘДИЕВТЫҢ айтуынша, Тарауих намазы бүгін сағат 23.02-де оқылады. Одан бөлек, «Иманғали» мешітінің ауласында 30 күн бойына «ЕмбіМұнайГаз» компаниясы тұрғызған 24 қанатты 80 кісілік киіз үйдің ішінде қарапайым тұрғындар үшін ауызашар беріледі. Ауызашарды қалталы азаматтар бере алады. Бұл оларға күніне 50 мың теңгеге шығады.
Ал пітір садақаға қатысты айтсақ, биыл ол Атырау облысы үшін 150 теңге болып белгіленді.
- Шариғат бекіткен талаптарға сүйенсек, пітір садақа арпа, бидай, құрма немесе жүзім секілді төрт түрлі жемістен беріледі. Мәселен, Сауд Арабиясы мемлекеттері пітір садақаны құрманың бағасымен беруді дәстүрге айналдырған. Алайда, біздегі бұл жемістердің бағасы қымбат. Сол секілді Түркия елінде де пітір садақа мөлшері 4 доллар. Бұл да біздің халықтың тұрмысына келмейді. Сол себепті, біз пітір садақаның мөлшерін бидайдың бағасымен шығарамыз. Өзіміздегі дүкен сөрелерінде тұрған қара бидайдың екі келісі 182 теңгеге шығып тұр. Батыс аймақтық облыстарының имамдары ақылдаса келе, біздің аймақ үшін пітір садақа мөлшерін 150 теңгеге белгілеуге тоқталды.
Айнұр САПАРОВА