Атырау қаласының №2 сотында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Рашид ӘЛІПБАЕВҚА үкім шықты. Ол ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 1 және 4 тармақтары (Бірнеше рет қорқытып алу жолымен пара алу) бойынша айыпталған болатын.
Бұған дейін жазғанымыздай, оның орынбасары Асылбек ОМАРҚҰЛОВТЫҢ ісі бойынша пара алу жүйесіне қосымша ретінде Әліпбаев сәулет-құрылыс бақылау басқармасының кепілдеме хатын ұсыну үшін қала тұрғынынан 250 000 теңге көлемінде пара бопсалаған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында экс-басшы прокурормен кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісімге келді. Сот бас құрылыс бақылаушыға параның 70 еселенген мөлшеріндегі (31 миллион 500 мың теңге) айыппұл тағайындап, мемлекеттік лауазымдар атқару құқығынан айырды.
Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметіне Жамбыл облысының тумасы Әліпбаев 2017 жылдың маусымында облыс әкімінің қаулысымен тағайындалған. Оған дейін ҚР инвестициялар және даму министрлігінде қызмет атқарған. Есептеп қарасақ, Әліпбаев жыл басынан бері жемқорлық бойынша қолға түскен жергілікті меморганның 14-ші басшысы екен.
Фархат ӘБІЛОВ