Атырау қаласының №2 сотында мамыр айының соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қызметкерлері тұтқындаған облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бөлім басшысы 54 жастағы Асылбек ОМАРҚҰЛОВҚА қатысты үкім шықты.
Тергеу анықтағандай, 2018 жылдың 25 сәуірінде азамат Ж. НАУРЫЗАЛИЕВ ұлын техникалық қадағалау сарапшысы ретінде аттестациядан өткізу үшін Омарқұловтан көмек сұраған, себебі, жас маманның еңбек өтілі аз болған. Бөлім басшысы 200 мың теңге көлемінде ақша алып, оны басқарма басшысы Рашид ӘЛІПБАЕВҚА беріпті-мыс. Не болғанда да, 10 күннен кейін Наурызалиевтің ұлы күткен аттестатын қолына алады.
Екінші эпизод – мамырда. Өз қызмет саласын кеңейту үшін «Каспиан Рэйдио Сервисес» ЖШС қолданыстағы лицензиясына құрылыс-монтаж жұмыстарының қосымша түрлерін енгізгісі келеді. Бұл мақсатта өндіріс бойынша директор И.А. е-gov порталына өтініш түсіреді, алайда, өтініші қабылданбайды. Сол кезде директор Омарқұловқа хабарласып, шенеунік сол 200 мың теңгеге көмек көрсеткен.
Соңғы үшінші эпизод - «Консалтинговая компания «Персональный советник» ЖШС өкілі Идрис Д. жобалау қызметіне лицензия алу үшін ХҚКО арқылы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына құжат тапсырады, алайда лицензия берілмейді. Сол құжаттарымен Омарқұловқа хабарласқанда, ол өз қызметін (бәлкім, жалғыз емес шығар) 24 мың АҚШ долларына бағалапты. Параны беру кезінде Омарқұлов ұсталды – белгілі болғандай, Идрис Д. сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне арыз жазған екен. Айтпақшы, үшінші эпизод кезінде Әліпбаевтың іс-сапармен жүруіне байланысты Омарқұлов басқарма басшысының міндетін атқарған.
Сотта «уақытша шеф» Қылмыстық кодекстің үш бабымен қарастырылған іс-әрекеттер бойынша айыпталды: 190-баптың 3-бөлігі 2-тармағы («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық»), 366-бап («Ірі мөлшерде пара алу») және 368-бап («Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып парақорлыққа делдал болуы»).
Сот Омарқұловты кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, сонымен қатар бір параның 70 еселенген көлемінде (554 миллион 400 мың теңге), екінші параның 20 еселенген көлемінде (4 миллион) айыппұл тағайындады. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы сот соңында орташа қауіпсіздік мекемесінде 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Басқарма басшылығына қатысты қандай шаралардың алынатындығы әзірге белгісіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюроның жергілікті департаментінің ақпаратына сәйкес жыл басынан бері Атырау облысында жасаған қылмыстары үшін түрлі басшылық құрамдағы 14 мемлекеттік қызметкер ұсталған.
Фархат ӘБІЛОВ