Атырау, 26 желтоқсан 00:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Аудан жаңалықтары

2 408 просмотра

«Шапағатта» тамшы су жоқ

Мақат ауданына қарасты Доссор поселкесіндегі «Шапағат» мөлтек ауданының 50-ге жуық үйі ауыз сусыз қалған.

Сусыз қалған тұрғындарға  дүкендерден  баклашкамен су тасуға тура келді.

- Бірақ онымен қажеттілікті өтей алмайсың ғой. Күн ыстықта сусыз отыру өте қиын, жуынып-шайынуың көп.  Ал дүкеннен тасыған су үнем болмайды және қалтаға да соғады.  Қыс кезінде де айлап сусыз қалдық, енді тағы солай. Судың қашан болатынын білмек болып құзырлы орындарға хабарласқанбыз, бірақ олар нақты жауап бермей отыр, - дейді «АЖ» тілшісіне Доссор поселкесінің тұрғыны Гүлшат ОРАЗОВА.

Доссор поселкесінің әкімі Есенжан ТӨЛЕШҚАЛИЕВ су жоқ дегенді жоққа шығарды.

- Күні бүгін поселкеде әбден тозығы жеткен 53,7 шақырым су құбырын ауыстыру қолға алынды. Бұл жұмыс биыл бітеді деп отырмыз. Ескі желілер су қысымын көтере алмай істен шығып, жөндеу бригадалары үздіксіз жұмыс жасауда. «Шапағат» мөлтек ауданы тұрғындарын водовозбен сумен қамту қолға алынатын болады, - дейді Мақат ауданының әкімі Амангелді БАРАҚАТОВ.

 

30 маман келмекші

Қызылқоға ауданына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 4 жылдың ішінде 100-ге жуық жас мамандар келген болатын. Биыл 30 маман келеді деп күтілуде.

Жастарға әлеуметтік жағдай туғызу мақсатында қаржылар да бөлінген. Мәселен, көтермеақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 3 млн 439 мың теңге, ал үй сатып алып беру үшін 24 млн теңге бөлінуде. Жас мамандар қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары бар.

 

Бруцеллез бәсеңсімей тұр

Қызылқоға ауданында 23 мың ірі қараның 90,6 пайызы тексерістен өткенде 368 бас малдан бруцеллезге оң нәтиже бергені анықталып отыр.

Мәселен, Жангелдин ауылындағы 1596 ірі қара тексеріліп, 70-ке жуық малдан  аталмыш ауру анықталып, өткен жылға қарағанда 41 басқа, яғни 2 есеге өсіп кеткен. Аудан әкімі Сырым РЫСҚАЛИЕВ тұрғындар арасында ауру малды жасырып қалушылық, ветеринарлық мамандардың тиісті шара алмауы салдарынан жұқпалы аурудың алдын алу оңай болмай тұрғанын жасырмады. Ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтамаған 27 жеке тұлға мен 3 шаруа қожалығына  131 мың теңге айыппұл салынды.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 шілде 2012, 18:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.