AZATTYQ.ORG. «Манафорт айыпты деп танылды. Енді не болмақ?» - АҚШ сотының өзін айыпты деп тануы президент Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафортқа қатты тиді. Бірақ кезіндегі ықпалды республикашыл лоббист үшін соттың үлкені - әлі алда.
«Қытайға барған белсенділер сапары не шешті?» - Соңғы екі жыл шамасында Қытай билігінің Шыңжаңдағы этникалық азшылық өкілдерін саяси тәрбиелеу лагерлеріне қамап жатқаны айтылып келеді. AzattyqLIVE тікелей эфирінде осы тақырыптың мән-жайы талқыланады.
«Түркия мені Қазақстанға жібергісі келмеді» - Жансель Дениз Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында таэквондодан күміс медаль алды. Спортшы Қазақстанның Степногорск қаласында туған. Ал таэквондомен айналысуды Түркияда бастаған.
«Жээнбеков президент аппаратының жетекшілерін тағайындады» - Жуырда Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков президент аппараты жетекшілігіне Досалы Эсеналиевті тағайындады. Ол 2018 жылғы сәуірден бері президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал оның орнына Бішкек қалалық кеңесінің төрағасы Алмаз Кененбаев барды. Жұрт бұл шешімді қызу талқылап жатыр.
QAMSHY.KZ. «Ұлттық банк Елбасының еңбек демалысын пайдаланып, халықты қанап отыр» - АҚШ Ресейге алғаш рет санкция салып тұрған жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын да Барак Обама Ресейге санкция жариялаған болатын. Бұл жайттың астарында белгілі бір саяси жағдай бары анық. Алғашында Путин АҚШ-тың енгізген санкциясын менсінбегенімен рубльдің құны төмендей бастады. Хош, біздің айтарымыз АҚШ пен Ресейдің арасындағы мәселе емес. Тек қана осы салынып жатқан санкция біздің елге қалай әсер етіп жатыр? Ұлттық валютамыздың құнсыздануына аталған саяси жағдайдың қандай әсері бар?
«Қазақ халқы Қонаевымен бақытты» - Дінмұхамед Қонаев дегенде көз алдыңызға не елестейді? Мен нұрлы, көздерінде оты жанып тұрған, жайсаң мінезді әрі сұсты, қатал, жайдары, ашық, көптің ортасында жарқырап тұрған асыл бейнені көремін. Елдегі қайнап тұрған тіршілік, алып құрылыстар, зәулім әрі көрікті қалалар, тың игеру істері тағы бар. «Ол кім еді?» деп жаттан келген біреу сұраса, ойланбастан өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті деп жауап қатар едім. Расында, Қонаев билік басында болған заман қандай күрделі, аласапыран болса да, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамытуда айтулы еңбек еткен ұлы саясаткер.
INFORMBURO.KZ. «Төлқұжат пен жеке куәлікті бір күнде рәсімдеуге болады» - Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жеке куәлікті жеделдетілген түрде бір күнде қолға алуға мүмкіндік бар. Ол үшін 4983 теңге төлеу жеткілікті.
EGEMEN.KZ. «Жанармай неге қымбаттайды?» - Жыл сайын тұқым себу мен егін орағы науқандары алдында жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Биыл да солай болды. Тамыз айынан ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін арзандатылды деген жанармайдың тоннасы 181 мың теңгеге дейін өсті. Әрі қарай не болары белгісіз. Соңғы 15 жылдағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арзандатылып беріліп келген жанармай бағасына талдау жасасақ, шаруаларға жасалған әділетсіздіктің куәсі боласыз.