«Эксполинкс» ЖШС-нің құрылыстағы қарқыны онша қуантарлықтай болмай шықты. Мақаттағы емхананың жылға жетпей қабырғасы қақырап, үлкен шу туғызғаны күні кеше. Жуырда Махамбет селосындағы 250 адамды қабылдайтын емхана жайының да әлі күнге жыры бітпей тұрғанына куә болғанбыз. Бұл емханалар құрылысының бас мердігері осы серіктестік еді.
Бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне бағаланған емхана 2010 жылдың желтоқсанында тапсырылған. Содан бері мұндағы жеңіл жөндеу жұмысы әлі күнге жалғасуда. Ал 2012 жылдың аяғында құрылыстың кепілдеме мерзімі бітуі тиіс.
- Осы кезге дейін бөлмелерге 3 рет жөндеу жүргізілді. Наурызда терезе үстерінде жарықтар пайда болып, тесіктің үлкендігі 2-3 см-ге дейін жетті. Төбе ылғалданды. Дәліз бойларында да жарықтар бар, ал еден төмен түсіп кеткен. Негізі біз отыратын бөлмелердің сыртқы іргетасы отырып кеnкенімен оған түк істей алмауда. Мамырда жөндеу жүрді, айға жетпей тағы да қабырғаларда жарықтар пайда бола бастады, - дейді туберкулезге қарсы кабинеттің қызметкерлері.
Емхана қызметіне жетекшілік ететін аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Толғанай ЕРПАНАЕВА бұл жұмысқа келгеніне бір ай болғандықтан ештеңе білмейтінін жасырмады.
- Менің қолымда түк құжат жоқ. Сондықтан ештеңе білмей отырғаным, - дейді Ерпанаева.
Аурухананың бұрынғы бас дәрігері Еркін САБИРОВ кезінде мердігерге бірнеше рет хат жазылып, жөнделіп келгендігін айтты.
- Олқы тұстары болса жөнделеді, ол мердігердің жұмысы. Ал іргетастың төмен түсуі жайлы білмейді екенмін. Қалай еткенде құрылыс сапасын серіктестік назарға алып отырады, қорқатын түгі жоқ,-деді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим АМИРОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА