Келешек кеңею жобасын жүзеге асыру аясында «Теңізшевройл» компаниясы Атырау өзен портынан Теңіз кенішіне дейін өндірістік модулдерді тасымалдау үшін уақытша жол салуды жоспарлап отыр.
Жол Ширина ауданындағы мұнай базасынан Каспий тұрба құбыры консорциумы құбырының жиегімен тікелей Теңіз кенішіне дейін төселмек. ТШО үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджердің орынбасары Линси КРЕЙННІҢ айтуынша, болашақта салынатын жолдың ұзындығы 200 шақырымды құрайды. Ол тек ТШО қажеттілігі ғана үшін салынбақшы, жоба аяқталғаннан соң оны тегістеп тастайды.
Жергілікті жұртшылық дайын инфрақұрылымды неліктен бұзу керектігін түсінбей дал. Жергілікті эколог Махамбет ХАКИМОВТЫҢ айтуынша, уақытша жол кейін теңіз жақтан қорғаныш бөгет болар еді:
– 10 жылдан кейін Каспий теңізінің қандай күйде болатынын кім біледі? Ал бәлкім, бізге биік бөгеттер қажет болып қалуы мүмкін ғой. Қазақстандық жұмысшылар құрамын неліктен көбейтпеске және осы жолды салуға неге жергілікті жол компанияларына мүмкіндік бермейміз? Менің ойымша, бұл жолды міндетті түрде қалдыру керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
АЙТПАҚШЫ:
Маусым айының басында «АЖ» редакциясына С.Ардашев және В.Глухов жолдаған хат келіп түсті, хаттан қысқаша үзінді келтіре кетейік:
«Біз ТШО-ның келешек кеңею жобасы бойынша Теңіз кенішіне дейін жол салып жатқан KPJV компаниясында жұмыс жасаймыз. Біз онсызда бүлініп жатқан Сарыөзек, Шұбартбала, Жем және Қияқ секілді өзендердің қалай бүлініп жатқандығының жиі куәсі болып келеміз. Оған мына суреттегі көріністер дәлел».
12 маусымда біз облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, облыстық табиғат қорғау прокурорына сауал жолдадық. Бастапқыда қызығушылық танытқан олар бүгінгі күнге дейін түсініктеме бере қойған жоқ. Дегенмен, Жылыой аудандық әкімдігінен қоңырау түсті, онда шенеунік суреттегі орынды анықтауды сұрағанымен, кейін ол да үнсіз қалды. Алайда, ендігі жерде сол салынған жолмен мұнай тасымалдайтын машиналардың небір түрі және басқа да техникалар жүйткитін болады: ал кенет олардың барлығы да жуынуды қаласа не болмақ?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА