17 тамызда Атырау қаласы СМП 136 ықшам ауданында «Сұлтан Бейбарыс» атымен жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бір қызық жайт, Атырау тұрғыны бұл ғимаратты алдымен кәсіпшілігі үшін салып, құрылысы аяқталғаннан кейін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына сыйға тартыпты.
Екі қабатты ғимарат 1500 жамағатқа арналған. Ерлер мен әйелдерге арналған бөлек екі зал және құран оқитын бөлмелері бар. Ішіне бейнебақылау камералары орнатылған.
Жұма намазы қарсаңында Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы МАНСҰРОВ шараға жиналған жамағатқа жаңа мешіттің қызметкерлерін таныстырды. ҚМДБ шешімімен жаңа мешіттің бас имамы болып «Иманғали» мешітінің найб имамы Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ тағайындалды.
- Бұл Атырау қаласындағы жетінші мешіт. Алғашында мұны медресе қыламыз ба деп ойладық. Алайда осы аумақ тұрғындарының ғибадат үйіне мұқтаждығын ескеріп, мешіт қылуды жөн көрдік,- деді Б.Мансұров.
Жақын арада жаңа мешіттің жанынан мұнара тұрғызылады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор