2018 жылғы жол құрылысы маусымы ыстық кезеңге тап болды. Қалада ірі көшелерді қайта жөндеу және кеңейту бойынша күрделі жұмыстар қызу жүріп жатыр, бұл жұмыстар өткен жылғы бюджетпен бекітілген болатын. Бірақ, маусым аяғына дейін қала маңында да ауқымды жұмыстар басталады. Көп уақыттан бері жолдың салынуын күтіп жүрген елді мекендерге қашан және қандай кезектілікпен жолдар салынатынын «Ақ Жайық» газетіне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ әңгімелеп берді.
- Жақында қалалық әкімдік қалаішілік және ауылішілік жолдарды асфальттау бойынша конкурс өткізді. Қандай жолдар екенін атап айтсаңыз?
- Атырауда 2018-2019 жылдары Ақжар-2, Ақсай-2, Атырау-1, Жаңаталап-1, Еркінқала-2, Водников-2, Томарлы-2, Бірлік-2, Дамбы-2, Тасқала-3 ықшам аудандарында жалпы ұзындығы 193,5 шақырым болатын және 226 көшеге есептелген көлік жолдарын асфальттау жоспарланған.
- Мерзіміне қарағанда, бұл «өтпелі» деп аталатын тендер ме?
- Иә, шын мәнінде, өткізілген конкурстар аясында жолдарды асфальттау объектілері өтпелі болып табылады. Өйткені, жобалау құжаттамасына сәйкес, құрылыс ұзақтығы 6-дан 8 айға дейін, ал лоттардың бірі бойынша 19 айға дейін созылады. Бұл ықшам аудандарды асфальттау жұмыстарының бір бөлігі қысқы маусымға дейін жүзеге асырылады, ал қалған жұмыстарды аяқтау 2019 жылға жоспарланған. Осыған байланысты, жаңа ықшам аудандардың қаламен көлік қатынасы мәселесін шешу үшін, ең алдымен, жол құрылысы қолданыстағы қала жолдарымен байланыстыратын негізгі көшелерден басталады. Осы жобаларды жүзеге асыру құны жалпы алғанда 31,1 млрд теңге болады.
- Осы жоба аясында ағымдағы бюджеттен қанша қаржы бөлінеді және 2018 жылдың аяғына дейін қандай аудан-көшелерге жолдар салынады?
- Бұл қалалық мәслихаттың жақында өтетін отырысында шешіледі. Әзірге 800 млн теңге бөлінді. Қаржының бөлінуіне қарай біз осы құрылыс маусымында Водников пен Ақжар ауылдарын тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, мердігер алдына жыл аяғына дейін Атырау-1, Бірлік, Томарлы, Жаңаталап ауылдарынан бес-бестен негізгі көшелерге жолдар салу міндеті қойылды. Мұндай көшелердің тізімін ауыл әкімдері ұсынды.
Жеке сектордың көп уақыттан бері жолдардың салынуын күтіп жүргені құпия емес. Бірақ, қала мен қала маңындағы ауылдар үшін осынау ауқымды жобаның орындалу мерзіміне біз ықпал ете алмайтын тағы бір фактор бар екенін ескерген жөн.
Лоттардың бір бөлігі қазіргі уақытта дауларды реттеу рәсімінен өтуде - компаниялардың бірі, атап айтқанда, «KAZPACO» ЖШС («BI-group» холдингіне кіреді – «АЖ» ескертпесі) алдын ала талаптардан өтпей, тендерден шығарылды. Компания тендер комиссиясының әрекетіне қатысты шағымданды. Ол 3 лотқа: жалпы құны 12 млрд теңге болатын Еркінқаладағы 1, 2 және 3 кезекке, Бірлік-2 мен Томарлы-2-дегі 2 учаскеге үміт еткен еді.
Компанияның шағымын уәкілетті орган - Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит комитеті қабыл алмады. Қазіргі уақытта компания сотқа жүгінді.
- Егер сот талап-арызды қарауға қабылдаса, жобаның орындалу мерзімі ығыстырылуы мүмкін бе?
- Нақтысын ешкім де айта алмайды, бірақ, осындай ықтималдылық бар. Дегенмен, мердігермен - анықталған жеңімпаз «Атырауинжстрой» компаниясымен барлық келісімшарттарды біз тапсырыс берушілер ретінде рәсімдедік.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА