«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, жуырда Қазақстан аумағында ауа температурасы +40-45 С градусқа көтеріледі. Аптап ыстық табиғи өрт пен суда орын алатын жазатайым оқиғалардың туындауына себеп болуы мүмкін.
ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, халықтан табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтап, абай болу талап етілген. Су жағасында балаларды қараусыз қалдыруға, ішімдік қолдануға болмайтыны және арнайы көрсетілген жерлерде ғана суға түсу керектігі ескертіледі. Суда жүзіп жүрген кезде қалтырау, шаршау мен дірілдеу жағдайы сезіле бастаса, жағаға жүзіп шығуға асықпай, шалқалап сәл демалып алғаннан кейін ғана жүзуді жалғастыру керек. Таулы аймақтардағы орман алқабында жүріп темекіні, ошақты дұрыс сөндірмеу, тұтандырғыш линза қызметін атқаратын сынған шыны қалдықтарын тастау сияқты іс-әрекеттердің салдары орман өртінің қозуына әкеп соғатынын естен шығармаған жөн. Мұндай әрекеттер қалпына келуі қиын табиғи байлығымыз – алқап пен орман ағаштарының өртеніп кетуіне себеп болуы мүмкін.
Айта кетерлігі, ҚР ТЖМ азаматтардан температураның шамадан тыс жоғарылауы, әсіресе, демалыс кездеріндегі төтенше оқиғаларға себеп болатынын ескертіп, абай болуды өтінеді.