Атырау, 10 желтоқсан 10:53
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Абақтыға отырғызған пакет

4 038 просмотра

Сәлімжан НақпаевЖарты жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылау брифингінде облыстық прокуратураның қызметкерлері  кейбір басқа да қылмыстық істермен қатар бұрынғы Атырау қаласының  әкімі және облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВҚА қатысты іске де тоқталып өтті.

Естеріңізде болса, осы жылдың 2 сәуірінде №2 Атырау қалалық сотының шешімімен Аджип ККО менеджері С.Нақпаев ҚР ҚК 327-бабы («Өзінше билік ету») бойынша айыпты деп танылып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алған еді.

«2011 жылдың 2 қарашасында облыстық ІІД-не азамат ӨТЕНОВТЕН бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Нақпаевқа және және басқа да тұлғаларға қатысты қорқытып алу және заңсыз мүлікті иелену фактілері бойынша шара алу жөнінде шағым түсті. Алдын ала тергеу барысында 2010 жылдың 10 тамызында Нақпаев және оның көмекшісі Хайруллин “Эйр Астана” авиакомпаниясы рейсімен Астанаға ұшпақшы болған Өтеновтен азамат ӘМІРХАНОВҚА 600 мың доллар сомасындағы ақшаны жеткізіп беруін өтінген. Өтенов бұған келісіп, Астанаға ұшып барған күні көрсетілген соманы Әмірхановқа жеткізген. Үш ай өткен соң 2010 жылдың қараша айының аяғында Нақпаев өзіне Өтеновті шақыртып, Әмірхановқа берілуге тиісті ақшаның жетпей қалған 300 мың долларын қайтарып беруді талап еткен. Сол күннен бастап Нақпаев өз ақшасын үнемі талап етіп отырған. 2010 жылы «Мерседес» автокөлігіндегі белгісіз біреулер Өтеновтің көлігін тоқтатып, оның машинасына отырып, Нақпаевтың үйіне қарай жүруін бұйырған. Нақпаев пен Хайруллиннің тарапынан болған қоқан-лоқыдан кейін 2010 жылдың 13 желтоқсанында Нақпаевтың жүргізуші-сінің атына 2 бөлмелі пәтер мен тракторды сатып алу-сату келісім-шарты рәсімделген. Уақыт өте келе 2011 жылдың мамыр айында Өтенов өзінің мүлкінен заңсыз айырылып қалғанын түсініп, құқық қорғау органдарына шағымданатындығын ескерткен.  Жария болудан қауіптенген Нақпаев Өтеновке алып қойған тракторы мен 2 бөлмелі пәтері үшін 100 мың доллар шамасындағы ақшасын қайтарып берген. Осыған байланысты Өтенов Нақпаев пен Хайруллинге ешқандай талабым жоқ деген қолхатын жазады. 2011 жылдың 3 қарашасында Атырау облысы ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы БЕКТҰРҒАНОВ Нақпаевқа және басқа да анықталмаған тұлғаларға қатысты 327-бап бойынша қылмыстық іс көтерді. 2010 жылдың 2 сәуірінде «сот үкім шығарды, ол өзінің заңды күшіне енді», - деп облыс прокурорының қылмыстық-сот қадағалу жөніндегі көмекшісі Ләззат НҰРМАҒАМБЕТОВА қағаздан оқып берді. 

Бейресми ақпарат көздері-нен бізге 5 шілде күні Сәлімжан Нақпаевты жалпы режимдегі Атырау колониясынан Ақмола облысының аумағындағы пенитенциарлық мекемеге алып кеткендігі белгілі болды.  Оған оның өміріне жергілікті колонияда  қауіп төндірілігендігі себеп болған. Прокуратура сондай-ақ, Өтеновтің бұрынғы полицей, ал Әмірхановтың ІІМ шенділерінің бірі екені туралы ештеңе айтпады. Дегенмен Әмірханов ақша салынған пакетті алудан бас тартқан, тіпті Нақпаевпен таныстығын мүлде жоққа шығарған.

Сәния ТОЙКЕН

11 шілде 2012, 21:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.