Атырау, 25 желтоқсан 18:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

«Халық көзімен»: жеңімпаздар

2 872 просмотра

Қаламызда тұрақты басылымдар мен фотостудиялар қанша болса, фотографтар да сонша шығар деп мен секілді ойлағандар үшін «Халық көзімен» деп аталатын фотобәйгеміз жаңалыққа айналды. Бәйге аяқталды, қорытынды жасалды, сыйлықтар жеңімпаздарға тапсырылды. Олардың әрқайсысы өзінің және өзгелердің шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті. Бір қызығы,  біздің жеңімпаздарымызды байланыстыратын ортақ дүние бар екен. Ол - жастық, жерлестік және өз ісіне берілгендік. Әрі олардың үшеуі де халықаралық компанияларда табысты еңбек етіп жүрген инженерлер.

 

АНГЛИЯНЫҢ ОҢТҮСТІГІНДЕГІ ДЕБЮТ

Басты сыйлық – Canon EOS 600D фотоаппаратын Мейрамбек САЛИХОВ еншіледі. Ол өзінің жеңімпаз атанғанын білгенде қатты таңырқады:

– Мен жеңемін деп ойламап едім, сол үшін де екі есе қуаныштымын, - деп күлімдейді Мейрамбек.– Суретті өткен жылы Англияның оңтүстігінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша бір жыл оқыған кезде түсіргенмін. Оқу аптасынан соң демалыс күндері достарымызбен теңізге бардық. Шындығында бұл менің түсірген алғашқы суреттерімнің бірі болатын. Соған барар алдында ғана жартылай кәсіби Nikon D-90 сандық фотоаппаратын сатып алдым. Интернеттен оқығандарымның бәрін есіме түсіріп, икемдеп, композиция құруға тырыстым. Жарық жағынан жолым боп кетті, ауа-райы бұлтты болатын, сондықтан менің күш салуымсыз, шынайы боп шықты. Күн шақырайып тұрса, сурет шықпаған болар еді. Бұл кадр менің өзіме де ұнайды, бәйге туралы оқыған кезде бірден осы көгершінді жіберуді ұйғардым.

Мен сурет түсіріп табыс таппаймын. Фотоаппаратты жай өзім көңіл көтеру үшін, дос-жарандарды суретке түсіру үшін сатып алдым. Бірақ камераға түсіргенді жақсы көремін. Композияциялық тұрғыдан қызықты деген жерлерді есіме сақтап алып, сол жерге қайта барамын. Мен кімді таңдар едім? Михаил Хван мен оның «Елестер» деген суреті есіме сақталып қалыпты.

 

ӘУЕСТІГІ КӘСІБІНЕ АЙНАЛДЫ

– Бұл суретті Балықшыдағы жағалауда түсірдім. «Ақ Жайыққа» бәйге жарияланар алдында мен ол жерде қыздарға фотосессия жасап жатқанмын, - деп әңгімелейді  екінші орынның және Sony  штативінің иегері Михаил ХВАН.

Михаилды кәсіпқой деп батыл атауға болады. Ол фотографиямен әуестеніп қана қоймай, онымен табыс та табады. Оның камерасы да кәсіби - Canon 5D Mark II.

– Мен жарты жылдай уақыт YouTube-пен өмір сүрдім деуге болады. Түсіруді, өңдеуді үйрендім... Бір жарым жылдан бері түрлі фотосессияларға тапсырыстар қабылдаймын.

Михаил Row форматында түсіріп, өздігінен түсірілімдерді өңдеп, Photomatix-HDR, Adobe Photoshop Lightroom және Photoshop CS-5 бағдарламаларымен жұмыс жасағанды жөн көреді.

Михаил үшін фотоға түсіру әуестігі өміріндегі басты нәрсеге айналған, кешікпей ол ТШО-дағы ІТ-инженері лауазымынан кетіп, түбегейлі өзінің сүйікті ісімен айналыспақшы. Мен суретке түсіру (сіздің де солай ойлағаныңызға сенім-дімін) табыс жақсы түсетін бизнес екен ғой деп ойлап та, айтып та үлгердім...

– Жаман емес, бұйырғаны ғой, - деп жауап берді Михаил ойланбастан. – Бірақ әңгіме тек мұнда ғана емес. Мен сізге АҚШ-та және тағы бірқатар елдерде қарауға тыйым салынған «Дух времени» фильмін қарауға кеңес берер едім. Адамдарды не үшін жұмыс жасап жатырмыз деген сұраққа ойлануға мәжбүр етеді. Шын мәнінде оған уақыт бар ма? Мен бұған көп мән бердім. Әңгіме ақшада емес, мен жұмысымды бүкіл болмысыммен беріле жасаймын.   

– Бәсекелестеріңнің қайсысы, сеніңше, бірінші орынға лайықты?

– Маған «Тұман» ұнады (авторы Маздақ АҚМҰРЗАЕВ), ал бірінші орынды ұсынылған суреттер жиынтығы бойынша өз басым «қысқы» суреттер жасаған жігітке (бұл Берік ОРАЗҒАЛИЕВ) берер едім.

 

«ОТБАСЫЛЫҚ ДОСТАРЫМЫЗ ҮШІН ТҮСІРДІМ»

Үшінші жүлде иегері Дархан ЖАНШИНДІ биыл тағдыр әлденеше рет сыйға бөлепті. «Ақ Жайық» жүлдесін алудан бір күн бұрын Дархан Атырау Мұнай және Газ институтының үздік студенті ретінде конфедератка мен мантия киіп, «қызыл» диплом алған екен. Ал алдығы аптада оны жұмысы күтіп тұр. Енді ғана мамандық алған инженер-жобалаушы Теңіздегі алғашқы вахтасын асыға күтуде.

– «Ұйықта, бөбек» суреті отбасылық достарымыз үшін Nikon D-7000 камерасымен түсірілді. Түсіріп жүргеніме екі жылдай болды.

– Басқа да бәйгеге қатысушылардың еңбектерімен таныссың ба?

– Шынын айтқанда, соңғы кездері мұрғам болмады, «Халық көзімен» бәйгесін ара-тұра қарап жүрдім. Маған ең алғашқы фотографтың жұмысы үлкен әсер қалдырды. Ол адамның кәсіпқой маман екені анық. Тегі толық есімде жоқ, бірақ жұмыстары жадымда: «Қыз қуу», «Аңшы Мақпал» (бұлар бәйгеге қатыспаған журналист Вадим БОРЕЙКО түсірген суреттер).

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 шілде 2012, 21:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.