Атырау, 25 желтоқсан 19:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Түсініксіз сапар

3 956 просмотра

11 шілдеде ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ жұмыс сапарымен Атырауға келді. Бұл сапардың өзгешелігі сонда, ол белгісіз себептермен жабық режимде өтті.

Премьер бірнеше күннен бері елді аралап жүр. 10 шілдеде Қостанайда болып, сол күні түстен кейін Ақтөбеге ат басын тіреді. Атырауға Мәсімов Орал қаласынан ұшып келді. Бізден кейін Ақтауға аттанып кетті. Бүкіл кездесулер мен мәжілістер БАҚ үшін жабық форматта өтті. Кадрлық алмастырулар болған жоқ.

Премьер Атырауда мұнай-газ саласының кадрларын даярлайтын жаңа Аймақаралық кәсіби орталықта және хош иісті көмірстуек өндіретін кешен салынып жатқан АМӨЗ-де болды. Содан кейін облыстық әкімдікте облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша мәжіліс өтті.

Премьермен бірге үкіметтің бірнеше мүшелер қатысты. Олардың ішінде мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ, білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, көлік және коммуникация министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ  бар. Соңғы екі министр Атырауға таңертең келді. Б. Жұмағұлов облыс әкімінің орынбасарлары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ және Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ, облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВТІҢ жол көрсетуімен мұнай-газ саласының кадрларын даярлайтын Аймақаралық кәсіби орталықтың ғимаратын қарап шықты. Бірақ журналистер қатыстырылмады. Одан басқа нысандарды - №3 қалалық мектеп, Х. Досмұхамедұлы атындағы университет және қала балабақшаларының бірімен де министр БАҚ өкілдерінсіз танысуды қалады.

Көлік және коммуникация министрі А. Жұмағалиев маусым айында ғана АМӨЗ маңында ашылған «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның  автокөліктерді техникалық тексеру орталығына ат басын тіреді (жоғарыдағы суретте). Сала басшысы АҚ филиалының директоры Нұрлан ОРЫНБАЕВҚА ғаламторда олардың жұмыстары туралы қолжетімді ақпараттың үнемі жоқ болатындығына ескерту жасады. Облыстық көлік бақылау инспекциясының бастығы Самат ҒИЛЫМОВ министрлікке (маусымға дейін Атыраудағы техникалық жалғыз ғана тексеру орны болған) «Атырау-Лада» ЖШС-ін анықталған заң бұзушылықтарға байланысты техникалық тексеру қызметін көрсететін мекемелер тізілімінен алып тастау туралы ұсыныс жолдағанын қосып қойды. Министр Таразда бұрынғы жол полицейінің техникалық тексеруден өткендігі туралы жалған талондарды сатқанын еске алды. Содан кейін Жұмағалиев баспасөз өкілдерінен шығып кетулерін сұрады.

Неліктен Мәсімовтің аймақтар бойынша жұмыс сапары БАҚ-тардан құпия режимде өтіп жатқандығы туралы сұраққа премьердің баспасөз қызметі «Түсініктеме бермейміз» деп жауап берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Мурат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

11 шілде 2012, 21:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.