... Сонау қытайлық Гуанчжоуға дейінгі 12 мың шақырым жерге велосипедпен аттанған жасамыс француз бізге ұнап қалған еді. Нағыз авантюрист. Айтпақшы, «авантюра» француздың aventure деген сөзінен шыққан, Ожеговтың түсіндірме сөздігі бойынша «қауіпті әрі күмәнді іс, күтпеген оқиғалар қаупі қатар жүретін шытырман». Біздің өлкемізде ол осындай оқиғаларға кез болыпты. Халқымыздың әпінділеу шетелдіктерге жылы көзқараспен қарайтыны жақсы-ақ. Дегенмен, бәрін ретімен баяндайын.
ӘЖЕЙ ДЕ БОЛДЫ
Ален ВИГО - 19 маусымда Лионда бастау алған «SUN TRIP-2018» веложарысына қатысушы. Жарыс мәресі - Гуанчжоуда, міндетті шарт – күн батареяларын пайдаланатын электр жетекті велосипед болуы керек. Қатысушылар саны 35 болған, бірақ Аленнің жолы болмай, «пелетоннан» қалып қойды. Аленмен оны құтқарып қалған біздің бұрынғы әрі өте құрметті әріптесіміз Зинат ОРЫНБАСАРОВАНЫҢ үйінде кездестік.
- Зинат, Ален сізге қалай хабарласты? Сіздің күн жарысымен байланысыңыз бар ма еді?
- Жо-о-оқ, қайдағы, - деп күлді Зинат. – Мен үнемі Сарайшықта боламын ғой, онда құмыра жасаумен айналысамын. Ален - мен «құтқарған» осы жарыстағы алғашқы француз емес десем, сізге қызық болатын шығар. Бірнеше күн бұрын Атырауда Корин есімді француз әйелдің күн батареясының тақтасы сынып қалыпты. Әйел 67 жаста, бірақ оны әже деп айтуға аузым бармайды, бойында соншама күш-қуат, табандылық бар! Ол туралы маған Астанадағы досым хабарлады, ол көптен бері күн жарысына қызығушылық танытып, GPS-навигаторы бойынша қатысушыларды қадағалап отырады. Досым менің телефонымды жарыс ұйымдастырушыларына берген, содан Ален маған Мақаттан қоңырау шалды. Мен оған Атырауға пойызбен келуді ұсындым. Дегенмен, ол купені түгел сатып алса да, оны велосипедпен қабылдаудан бас тартқан. Неліктен вокзал қызметкерлерінің жүкті рәсімдемегені таң қаларлық, адамның қолында жүк бар екенін көрді ғой. Вокзалға қоңырау шалып, жағдайды түсіндіруге тура келді. Сөйтіп, ақыры Ален маған жетті-ау.
- Әрі қарай не болды?
- Мен Аленді Атыраудағы қонақүйлердің біріне орналастырдым. Алайда оны паналатқысы келгендер аз болмады. Бірінші күні Аленмен кафеге кешкі ас ішуге шыққан кезде, таныстарымды кездестірдім. Әрине, олар оның бұл жердікі емес екенін, кім екенін сұрастыра бастады. Мен қалай болғанын айтып бердім. Олар дереу Аленге Алматыға ұшақ билетін сатып алу үшін көмектерін ұсынды. Ештеңе етпейді, пойызға отырғызып жіберемін, шығынданып қайтесіңдер деп, сыпайылықпен бас тартуға тырыстым. Ал олар: «Зина, қайдағы пойыз, мынадай ыстықта аккумуляторы сияқты жанып кетеді ғой!» - деп қоймады. Сөйтіп олар Аленге ұшаққа электронды билет рәсімдеді. Содан соң сапарын жалғастыру үшін велосипедін жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер сатып алуды ұсынды. Бірақ Ален бас тартты.
«ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛАРДЫ ҰНАТАМЫН»
Сол кезде біздің французымыз «требян!» деп, сүйсіне қазақтың күрең шайын ұрттап отырды. Ағылшын мен француз тілдерін араластырып, Зинаттың және оның құрбысының көмегімен тілдестік.
- Мамандығым - механик, 17 жыл авиациялық өнеркәсіпте еңбек еттім және 14 жылымды экоқұрылысқа арнадым. Фотосурет түсірумен шұғылданамын, саяхаттауды жаным сүйеді, - деп әңгімеледі Ален, шайын да ұрттауды ұмытпай.
- Осындай ұзақ сапарға шығу қорқынышты болған жоқ па?
- Мен шытырман оқиғаларды жақсы көремін.
- Қандай елдерден өттіңіз?
- Осы айда мен Италияда, Швейцарияда, Словенияда, Боснияда, Сербияда, Болгарияда, Түркияда, Грузияда, Әзірбайжанда болдым, енді Қазақстанда жүрмін. Алған әсерім мол, өйткені әр ел өзінше әдемі.
- Бәлкім, жолдың көп бөлігінен өтіп, мәре жақын қалғанда, қашықтықтан шығып кету ренішті шығар.
- Мен бұған торықпаймын, өйткені бұл менің соңғы саяхатым емес қой. Егер бұл оқиға болмаса, мен Қазақстанда осындай тамаша адамдар бар екенін білер ме едім. Менің тағдырыма атсалысқан барша жанға алғысымды білдіргім келеді.
- Сіздің отбасыңыз қазір Қазақстанда екеніңізді біледі ме?
- Әрине, біледі, әйелім мен балаларым қатты уайымдады, мені қиындыққа тастамаған жандарға олардың алғысы шексіз.
- Ален, айтыңызшы, бұл веложарыс жеңімпаздарға сыйлықтар немесе марапаттар қарастыра ма?
- Жоқ, бұл тек үлкен саяхат қана, оған жынысына немесе жасына қарамастан кез-келген адам қатыса алады. Бұл жарыс ақша немесе құнды сыйлықтар үшін емес. Бұл өзімізге және бүкіл әлемге адамның мүмкіндіктері шексіз екендігін дәлелдеудің бір жолы ғана.
- Сізге сәттілік тілеймін, Ален.
- Merci beaucoup!
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор және «SUN TRIP-2018» мұрағатынан алынған суреттер