Атырау, 20 мамыр 19:05
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Босқындар Германияда бірге тұру үшін туыстарын шақырта алады

987 просмотра


Басына төнген қауіптен отанын тастап шыққан босқындар енді жақын туыстарын да Германияға шақырта алады. Оған рұқсат беретін заң тамызда күшіне енді. 

Көші-қон дағдарысы кезінде босқындар легін қабылдап үлгірмеген Германия үкіметі бұл істі уақытша тоқтатқан еді. Содан бері шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерге жақын адамдарымен қосылғысы келетін мыңдаған адамнан арыз түскен. Тәжірибелі дипломаттардың өзі мұнша хатты өмірде көрмегендерін айтады. 

Германия елішіліктері мен консулдықтарына 30 мыңнан аса өтініш түскен. Оның 22 мыңы Ливан астанасында тіркелді. Енді Амман мен Бейруттегі өкілдіктеріне көмекке жаңа қызметкерлерді жіберетін болып отыр. Онсыз виза орталықтарының жұмысы тоқтап қалатын түрі бар. 

Жылдар бойы туыстарын көрмеген босқындар үшін бұл жақсы жаңалық болды. Олардың бірі Оудай Алхомси. 2016 жылы ол Сириядағы соғыстан қашып, Германияға бас сауғалап келген. Кетерінде ұлы мен қызына көп ұзамай бірге болатынына уәде беріпті. Алайда көші-қон дағдарысының кесірінен Германия заңды күшейтіп, отбасы мүшелері қайтып қосыла алмады. Екі жыл уақыттан кейін жақындарын Берлинге шақыра алатынына көз жеткізген босқын балаша қуанып жүр. 

Оудай Алхомси, босқын:

- Мен олармен үнемі байланыстамын. Әлеуметтік желілердің арқасында үнемі хабарласып тұрамыз. Бұл заң екі рет өзгерді. Бұл үшінші нұсқасы, сондықтан жақындарымды өз көзіммен көрмейінше сенбеймін.   

Оудайдың жұбайы мен балалары босқын ретінде Иорданияда тұрып жатыр. Мыңдаған шақырым қашықтықта болғанымен әкесін смартфоннан емес, тірілей көретініне сенімді. 

Алаа Масальмех, босқын:  

- Бір-бірімізден алыста жүргенімізге үш жыл болды. Әкесіз балаларды өсіру қиын. Германияға барып, сонда балаларыма білім бергім келеді. Бұл жерде болашағымыз жоқ. 

Алайда туыстарымен қосылуды аңсаған босқын көп. Ал заң бойынша бір айда Германияға тек бір мың адам келе алады. Сол себептен отбасыларды қайта қосу ісі ұзақ жылдарға созылып кетуі мүмкін.

Дереккөз: 24.kz

6 тамыз 2018, 10:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.