Артериялық гипертензияны және созылмалы жүрек жеткіліксіздігін емдеу үшін қолданылған валсартан препараты (саудалық атауы - вазар) фармацевтикалық нарықтан алып тасталады. Бұл туралы Атырау облысының штаттан тыс бас кардиологы Жанар ОРАЛБЕКОВА брифингте мәлім етті. Оның айтуынша, Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA) Қытайда шығарылатын бұл таблеткалардан канцерогеннің ықтимал қауіпті қоспасын анықтаған.
Валсартанды қабылдаған пациенттер жағымсыз салдар пайда болған жағдайда басқа дәрі-дәрмектермен алмастыру үшін емдеуші дәрігеріне жүгінуі керек.
«АЖ» сұрақтарына Атырау облысы бойынша фармация департаментінің басшысы Сара ОРАЗОВА жауап берді.
- Жыл басынан бері біздің өңірде қанша валсартан таблеткасы сатылды?
- Жыл басынан бері 3785 таблетка сатып алынды, оның ішінде 2859 данасы 625 пациентке тегін таратылды.
- Жанама әсерлерге шағымдар бар ма?
- Жоқ, бүгінгі күнге дейін мұндай шағымдар түскен жоқ.
Спикерлер пациенттердің қолындағы Вазар препараттарының қалдықтарын (471217, 471317, 301717, 333217, 209917, 419817, 419917, 420017, 488117 сериялық нөмірлері бар 80 мг таблетка) тегін рецепт бойынша берілген дәріханаға немесе медициналық мекемеге тапсыру керектігін ескертті. Қайтарып алынған препарат сериялары өндіруші өкілдерінің бірыңғай дистрибьюторына беріледі.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор