Осы жылдың шілдесінде жүзеге асуы тиіс ұзындығы 277 шақырым болатын Атырау-Астрахан трассасын қайта жаңғырту жұмыстары кейінге қалды. Бұл ақпаратты "АЖ"-ға Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан АБЛАЛИЕВ растады.
- Жыл жарымнан бері Ислам даму банкінен қарыз алу туралы келіссөздердің жүргізіліп жатқанын бәрі біледі. Алайда ешқандай келісімге келе алмадық,- дейді С. Аблалиев.
Оның айтуынша, бұған қарамастан, РФ жағынан 60 шақырым жолды қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Ұлттық автомобиль жолдарын басқару операторы "Қазавтожол" ҰК" АҚ тендер жариялады. Жеңімпаз осы жылдың қыркүйек айында жұмысқа кірісуі қажет. Ал қалған 217 шақырым жолға келсек, қазір Еуропа қайта жаңғыру және даму банкімен келіссөздер жүріп жатыр.
- Еуропа банкі – Қазақстанның стратегиялық әріптесі, біздің көптеген келісімдеріміз бар,- деп атап өтті төраға орынбасары.
Астраханға дейінгі жол өңірімізде көптен шешімін табылмай келе жатқан мәселе. Бұған дейін бұл жұмыстар 328 миллион долларға бағаланғаны туралы хабарланған еді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА