Шілденің шіліңгір ыстығында мұнайлы астанада шырайгүл, бегония, фиалка және тағы да басқа гүлдер отырғызыла бастады. Осылайша биыл 12 мың шаршы метр аумақты гүлдендіруге жергілікті бюджеттен 144,5 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстарды тендерді ұтқан «Қазақ соқырлар қоғамының Ақмола оқу-өндірістік кәсіпорыны» ЖШС жүргізеді. Алайда көптеген тұрғындар гүлді көктемде отырғызу керек еді, қазір кеш деп есептейді.
- Қаланы көгалдандыру жұмыстарының кеш басталуының себебі өткен жылғы жобалық-сметалық құжат ескіріп, жаңа құжат мемлекеттік сараптамадан кеш өтті,- дейді қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы Алмас СӘРСЕНОВ. - Келесі жылы ертерек бастаймыз деп отырмыз. Қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстарының 80%-ы аяқталды. Тамыз айының соңына дейін «Ақжайық» қонақ үйі алдындағы айналма жолды және Әбілқайыр хан даңғылы бойына гүлдерді отырғызу жұмыстары жалғасады.
Атырау қаласы әкімі Алимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫ:
- Мен бұл лауазымға жақында отырдым. Дегенмен, қала тұрғындарының тарапынан қаланы гүлдермен безендіру жұмыстарына, ағаштар мен бұталы өсімдіктерді суарудың нашарлығына көптеген реніштер айтылып жатырғанын білемін. Тіпті орталық көшелердегі ағаштар да қурап қалған. Тамшылап суару тиімсіз болса, кәдімгі су құбырын орнатайық. Қаламызды көгелдандыру жұмыстарында ортақ бір жүйе жоқ. Келесі жылы мұның бәрін қалпына келтіреміз.
Тағы бір жайт. «АЖ» тілшісі қаладағы гүлзарлар орнатылған жерлерді аралап қайтты. Байқағанымыздай, гүл сауыттарынан темекінің тұқылын, шемішкенің қабығын, қағаздар мен пластик бөтелкелерді кездестіруге болады. Бұл жергілікті тұрғындардың да қаланы таза ұстауға деген немқұрайлығы ма дерсің.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
Видео: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ