Аудан орталығы Индербор кентінде үш балабақша болғанымен, сұранысты толық қанағаттандыра алмай отыр: балабақша кезегінде 556 бүлдіршін тұр. Ал көктемде салтанатты түрде ашылған жеке меншік балабақша бес-ақ күн жұмыс жасады.
Наурыз мерекесі кезінде кентте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 40 орындық «Бал-Бала» балабақшасы ашылып, лентасын аудан әкімі Серік АРЫСТАН өзі қиған болатын. Бастапқыда оншақты бала қабылдап, бес күн жұмыс жасағаннан кейін неге екені белгісіз балабақша жабылып қалды. Содан бері есігінің құлпы ашылмай, маңдайшасын да алып тастапты.
- Біз үкіметтен субсидия аламыз деп ойлағанбыз, алайда құжаттарымыз толық бітпеді. Ешкімді кінәламаймыз. Бүгінде осы жұмыс жалғасып жатыр, қыркүйекте ашылуымыз керек,- дейді балабақша иесі Гүлзада САБИРОВА.
Индербор кенті әкімі Рулан ТУРАБАЕВ:
- Балабақшаға сұраныс бар, кәсіпкерлерді мектепке дейінгі бала тәрбиесі мекемелерін ашуға ынталандырып жатырмыз. Сондай-ақ, биыл бұрынғы мектепті жөндеуден өткізіп, 80 бала қабылдайтын балабақша ашамыз.
-Балабақшаның жетпеуіне байланысты жеке адамдар үйде топтап жасырын бала бағып жүр. Егер бала уланып немесе жазатайым жағдайға ұшырап қалса, кім жауап береді?
- Мен де жеке адам осындай іспен айналысып отырғанын естіп отырмын, бірақ өздігімен оны жаба алмаймын. Салық, қоғамдық денсаулық қорғау органдарына хат жаздым. Олар мораторийға байланысты тексере алмай отырғанын айтады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор