Зимбабведе соңғы 40 жылда алғаш рет Роберт Мугабесіз өткен президенттік сайлау елде тағы да толқулар туғызуы мүмкін. Себебі додаға қатысқан оппозиция өкілі Нельсон Чамиза билік дауыстарды санау кезінде алаяқтыққа барып, оның қорытындысын бұрмалауға жол берсе, жаппай наразылық шерулері болатынын ескертті.
Өйткені «Демократиялық өзгерістер үшін қозғалыс партиясы» жетекшісінің айтуынша, ол саяси додада жеңіске жеткеніне сенімді. Ал сайлаудан кейін жүргізілген сауалнамаға қарағанда қазіргі ел басшысы Эммерсон Мнангагва сәл ғана басымдықпен жеңіске жетуі мүмкін.
Еске сала кетейік, өткен жексенбі күні былтыр президент Роберт Мугабе биліктен кетірілген соң алғашқы президенттік сайлау өтті. Додаға қазіргі президент Эммерсон Мнангагва мен оппозиция партиясының жетекшісі Нельсон Чамиза түскен. Алайда Еуроодақ бақылаушыларының пікірінше шара нашар ұйымдастырылған. Ал сайлаудың қорытындысы апта соңына дейін шығуы тиіс.
Дереккөз: 24.kz