Атырау, 25 қараша 22:56
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Саңылау пайда болды ма? Қозғалтқыш істен шықты ма? ОК, жасаймыз"

2 072 просмотра


Нидерланды FSC AviationTraining (Flightsimulationcompany) авиациялық симуляторларында әлемдегі 160 әуе компаниясының ұшқыштары мен бортсеріктері кез-келген ықтимал инциденттерге қатысты шешімдерін пысықтай алады.

Азаматтық авиацияның әуе борттарында төтенше жағдайларға дайындықты оқыту және тексеру жөніндегі Еуропаның ең ірі компаниясының иелігінде толық функционалды, сертификатталған 17 тренажер бар – олар Airbus, Boeing, Embraer тәрізді алыптарға арналған түрлі буындағы симуляторлар.

FSC оқу процестерін ұйымдастыру ауқымы мен деңгейі өте әсерлі: орталық жылына 365 күн, тәулік бойына жұмыс жасайды, өйткені ұшақтар тек күндіз ғана ұшпайды.

FSC симуляторлары арқылы жыл сайын 1500-ден астам ұшқыш жаттығудан өтеді. Орталық суда тірі қалу, борттың тұтануы және түтіндеуі, қауіпті заттарды анықтау және т.б. жағдайларда авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тренингтер әзірлейді.

- Біз түскен тапсырысқа байланысты кез келген штаттан тыс жағдай бойынша жаттықтыра аламыз, - деді қазақстандық журналистерге тренинг-орталықтың менеджері, орыс есімді голландиялық Юрий СТУП.Бұл жерде борттағы кез-келген ықтимал оқиғаны талдау қолжетімді.

Жаттығу жабдықтары орналасқан үлкен залдар «Жұлдызды соғыстар» фильміндегі сахнаны еске түсіреді: кабиналар симуляторлары металл аяқ-қармауышпен тіреліп, ауада қалқып тұр. Құрылымның бұл ерекшелігі кабиналарда отырғандар үшін әуе эшелоны ауысқан кездегі турбуленттілік пен найзағайлы бұлт арасынан шайқалып өтетін әсерді ғана емес, әуе кемесінің бүйірлей ұшқанын немесе шаншыла құлдырауын да сездіруге мүмкіндік береді. FSC нұсқаушысы бөгде жандарға (тек қазақстандық «Эйр Астана» әуе тасымалдаушысы ұйымдастырған баспасөз-туры аясында) симуляторға кіріп, тіпті, қозғап көруге де сыпайылықпен рұқсат берді. Командирдің басшылығымен өздігімнен «бортты» ұшу-қону жолағына қондыру әрекетім сәтсіз аяқталды – соңғы секундтарда жермен еріксіз соқтығысқаннан кейін ұялғанымнан штурвалды тастай салып, тозақ машинасынан атып шықтым. Басым айналып, аяғым тәлтіректеп кетті.


«AirAstana» ұшқышы Марсель САҒЫНДЫҚОВ симуляторлардың шынайылығы абсолюттік деңгейге жақын екенімен келіседі:

- Симулятор нақты кабинаға ұқсас, мен осы жер мен шынайы ұшақтағы өз реакциямның айырмашылығын сезінбеймін. Есесіне мұнда біз өзімізге және жолаушыларға төтенше жағдайлардың басым бөлігінің: қозғалтқыштың істен шығуын, кабинада саңылаудың пайда болуын, құстармен соқтығысуды, салонның түтіндеуі немесе ішкі сымдардың жануын... еш салдарсыз үйренеміз.

- Заманауи әуе тренажерлары өте жоғары деңгейдегі дайындықты қамтамасыз етеді. Біз Канадаға қозғалтқыштардың нақты көшірмелеріне тапсырыс береміз, олар жоғары сапалы болғандықтан ұшқыштар жаттығу кезінде өздерін тура көкте самғағандай сезінеді, - дейді бас нұсқаушы Патрик РОНАЛЬДС.


- Әуе компаниялары мұндай тренингтерді өз қызметкерлері үшін қаншалықты жиі өткізіп тұрады?

- Халықаралық хаттамаларға сәйкес, ұшқыштар жылына екі рет ұшу қауіпсіздігі бойынша тексеруден өтуге міндетті.

- Қазақстандық қандай компаниялармен жұмыс істейсіздер?

- Бізде Қазақстаннан тек «Эйр Астана» әуе компаниясының экипаждары ғана тұрақты түрде оқып, жаттығады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Атырау-Амстердам- Атырау

Суреттерді түсірген автор 

Голландықтардың әзілдеуінше, бұлар өте қымбат ойыншықтар: Airbus320 neo толық имитаторы 10 млн еуро, Boeing787-9 - 18 млн.

31 шілде 2018, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.