Атырау қаласында Жайық өзені жағасындағы Мұнайшы ықшамауданы (Огородный көшесі) №6 және 7 көше тұрғындары «АЖ» редакциясына хабарласып, көшелерінде жол жоқтығы және бұдан 6 жыл бұрын аббаттандырылған жағалаудың күннен күнге орындықтары мен қоқыс жәшіктері ұрланып, шамдары түгелдей сындырылғаны туралы айтты. Өзен жағасындағы талдар қамыспен бірге өртеніп кеткен екен.
Мәлік ЕРҒАЛИЕВ, тұрғын: Бұрын бұл жағалау тұрғындардың күнде кешкісін отбасымен серуендеп, демалатын жері болатын. Сонымен қатар, көшемізде асфальт жоқ. Жаңбыр жауса, үйден шыға алмаймыз, жедел жәрдем де балшық күндері үйге жақындай алмайды. Қала әкімдеріне талай барып, арыздандық, тек құрғақ уәдемен шығарып тастайды.
Материалды дайындау барысында қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдар бөлімінің басшысы Эдуард ОСПАНОВҚА хабарластық. Ол жағалауға жөндеу жұмыстары жүретінін айтты. Ал жол туралы ешқандай уәде бермеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор