Атырау, 25 желтоқсан 19:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

«Ұлымыздың тірі екендігіне сенеміз»

3 335 просмотра

“Арқанкерген” трагедиясына 40 күн толды. Үкімет 14 шекарашының қаза болғандығы жөнінде мәліметті жария еткенімен, үшеудің тағдыры әлі белгісіз. Солардың бірі  - индерлік Мейірхан ИМЕНОВ.

ӘКЕ КҮДІГІ

Индербор поселкесінде тұратын Мейірханның әкесі Сағындық ИМЕНОВ баласының тірі екеніне нық сенімде екенін айтады. Бастапқыда бұл суыт хабарды естіп, есеңгіреп қалған әкей ес жия күдік келтірер бірнеше фактілерді тізіп берді.

- Біз қанша барғымыз келгенімен балам әскери қызметін өтеп жатқан Үшаралдағы “Арқанкерген” шекарасына бізді жолатпады. Бір топ адамды Астанаға арнайы ұшақпен алдырып, қан сынамасын тапсырдық. ДНК тапсырмас бұрын мүрдеханаға апаруын талап еткенбіз. Біздің қайтпас түрімізді көргендер мүрдеханаға амалсыз кіргізгенмен көңілімдегі алғаш күдік сол жерде пайда болды. Мүрдеханадағы денелер14 сарбазды құрамайтын еді, әрі кетсе 8-9 адамның денелері жатты. Күйіп кеткендіктен және бөлшектеліп қалғандықтан баламды тану мүмкін болмады, - дейді 42 жастағы Сағындық Именов.

Астанаға қан сынамасын тапсыруға Сағындық Мейірханнан кейінгі ұлы Нұрсұлтанды ертіп барған.

- Мейірхан баламның үлкені, ол 7 айлығында дүниеге келді. Аурушаң болды, қалыпты салмақ жинағанша ауруханада болды. 9 айлығында қатты сырқаттанып, менің қанымның тобы сәйкес келіп, қан да бергенмін. Мейірханның қан тобы да 1 группа. Бірақ  өлілердің ішінде ол анықталмады.22 маусымда баламен отырған әйелімнің қан сынамасын алып кетті. Бірақ әскерге алынғанша бір баламның қан тобы аяқ астынан өзгеріске ұшырайтынына сенбеймін, - дейді Сағындық.

Атыраудағы әскери прокуратурадан келгендер Мейірханның медициналық кәртішкесін сұрағанмен Сағындық бермепті. Оның неге қажет болғанын біле алмай әлек. 

 

СОҢҒЫ ӘҢГІМЕ

Мейірхан суретте ортадаМейірхан отбасындағы 4 ұлдың үлкені. 1992 жылғы ол кішкентайынан әкесіне көмекші бола білген. Нан-пұлдарын КаМАЗ көлігін жалға алу арқылы тапқан отбасы өздері саман тас басып, сарай да салып алыпты. Осының бар ауыртпалығы отағасы мен үлкен ұлдың иығына көп түскен болатын. Мейірхан ерінбейтін, әкесі сапардан оралғаннан кейін машинаның асты-үстіне түсіп, жөнге келтіруге жұмыстанатын.

-Ол сөйтіп жүріп, техниканың анау-мынау кем-кетігін өзі жөндеуді үйреніп алды. Әкем де оған сенетін. Майын ауыстырып, жуып шайып, келесі сапарға дайындап қоятын. Өте еңбекқор және ұқыпты болатын, - дейді інісі Нұрсұлтан.

9-шы сыныпты бітіргеннен кейін Мейірхан поселкедегі №8 лицейдің механизатор тобына оқуға түсіп бітіріп, қосымша трактор жүргізушісі куәлігін алып шығыпты. Әскерге алынғанға дейін әкесіне қолғабыс жасаған оның арманы көп болатын. Ол әскери борышын өтеп келгеннен кейін жаңа үй салатынын, тіпті ұялы телефонмен сөйлескенде әкесіне «папа КаМАЗ дайындап қой, барғасын тек өзім жүргіземін» дейтін дейді үйдегілер күрсіне еске алып.

- Балам темекі шекпейтін, ішімдікке де әуестігі болған жоқ. Тұла бойы тұңғышымның тағдыры бұлайша түрленеді деп ойламаппын. Құдайым-ау, сап-сау балам қайда кетті. Неге ешкім дұрыс жауап бермейді. Қайтарсын баламды, қайда ол, - дейді анасы Айгүл БАҚТЫГЕРЕЕВА көз жасын көлдетіп.

Мейірхан соңғы рет 9 мамыр күні хабарласып, іссапарға баратынын, ұялы телефон байланысының болмайтынын айтыпты. Содан кейін хабар үзілген.

 

“ТЕК ШЫНДЫҚ КЕРЕК”

Баласынан дерек күтіп сарылған Сағындықтың еңсесі түсіп кеткен. Отбасындағы жандардың көзіндегі мұң мен сағыныштың соңы немен бітері белгісіз.

-Біздің көңілімізді күдік пен үміт жайлап отыр. Ертеңгі күннің хабары қалай болады. Өзі аурушаң әйелімнің құр сүлдері қалды. Аңырап еңірегенде екі қолымды төбеме қойып, өзім де бұл дүниеден баз кешіп кеткім келеді. Әскерде осындай трагедия болады деп ойлаппын ба. Онда баламды жібермес едім ғой. Денсаулығы жақсы балам әскери борышын өтеп келсін деп қарсы болмағам. Енді не болды. Нұрсұлтаным күзде әскерге ілігіп тұр, бұдан кейін өзіміз де, балам да қорқып қалған. Мен енді ұлдарымды әскерге жібермеймін. Басында мазалаған орган қызметкерлері соққан телефонымызға  жауап бермейді. Бұл не үнсіздік. Не хабар естиміз деп әр таңымызды қорқынышпен атыратын болдық, - дейді Сағындық күдігін жасыра алмай.

Ұлының жайы қанша құпия болса да Сағындық бәрін білгісі келеді. Ол опат болған сарбаздардың үй ішімен және дерегі белгісіз жауынгерлердің ата-анасымен хабарласып тұрады екен. Бәрі де ұлдарының опат болғанына сенбейді. Сарбаздарды өлтірген деген күдікпен ұсталған ЧЕЛАХТЫҢ ісіне сенімсіздік танытуда. Ұлын және қасындағы сарбаздарды шетелге алып кетуі мүмкін деген күдігін жасырмайды.

-Балам тірі, оны бір жерде ұстап отыр. Анамын ғой, жүрегім жаманшылықты білдірмейді, - дейді анасы Айгүл көз жасы мөлдірей.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 шілде 2012, 18:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.