Атырау, 25 қараша 15:09
 дождьВ Атырау +5.5
$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

«Қазатомпром» топ-менеджер ұсталғаннан кейін ресми мәлімдеме жасады

62 рет қаралды
Сурет: kazatomprom.kz
Сурет: kazatomprom.kz

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы басқарманың бұрынғы мүшесі Қуаныш Омарбеков пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына қатысы бар деп күдікке ілінген басқа да тұлғаларға қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын растады. Сонымен қатар компания тергеу өндірістік қызметке және 2026 жылға арналған қаржы болжамдарына әсер етпегенін мәлімдеді.

Бұл туралы «Қазатомпромның» 25 қарашада жарияланған ресми мәлімдемесінде айтылған.

Компания тергеу шаралары бұрын «Қазатомпромның» өндіріс жөніндегі бас директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарған Қуаныш Омарбековке және басқа да адамдарға қатысты өтіп жатқанын нақтылады.

«Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеу барысында қажетті жәрдем көрсетіп жатыр», – делінген мәлімдемеде.

Дегенмен «Қазатомпром» тергеу аяқталғанға дейін қылмыстық істің мән-жайына қатысты түсінік бере алмайтынын атап өтті.

«Қазатомпром» акционерлерге жағдай тұрақты деп сендірді 

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында ұлттық компания басшылығы өндірістік және қаржылық орнықтылық мәселесіне жеке тоқталды.

«Қазатомпром» кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, ал 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжам күшінде қалатынын мәлімдеді.

Компанияның даму стратегиясы да өзгермейді. Жоспарланған жобалар бекітілген жоспарларға сай жүзеге асырылып жатыр.

Компания ашықтық қағидаттарына берік екенін және құқық бұзушылыққа жол берілмейтінін атап өтті.

Бұған дейін ҰҚК Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғалардың ұсталғанын хабарлаған еді. Арнайы қызметтің мәліметінше, олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығымен байланысты сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдіктелді.

Тергеу Қазақстан Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топтың пара беруі бойынша жүргізіліп жатыр.

Оның алдында «Қазатомпром» директорлар кеңесі басқарманың екі мүшесінің – Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын.

Еске салайық, «Қазатомпром» – табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі компания. Компания дерегінше, 2025 жылы әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20 пайызы осы компанияның үлесіне тиген. Корпорация 14 уран өндіру активіне біріктірілген 27 кен орнын игеріп отыр.

Бүгін, 14:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.