Маусымның аяғында мұнай астанасында АЖЭО жұмысындағы іркілістер салдарынан жарықтың өшірілуі осындай жағдайдың қайталанбасына кепілдік бар ма деген сұрақты қоюға мәжбүр етті. Атырауды энергиямен қамтамасыз ететін жылу электр орталығындағы ахуал қандай? «АЖ» «АЖЭО» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВТЫҢ атына сауал жолдап, төмендегі жауаптарды алған болатын.
- Жарықпен қамту іркілістерінен кейін болған брифингте сіз АЖЭО мүмкіндігі сағатына 260 мегаватт деп айтқан едіңіз. Алайда 2015 жылы АЖЭО-да қуаты 100 мегаВатт болатын жаңа газ турбиналық станциясы (ГТС) пайдалануға беріліп, сол кезде осының арқасында жылу электр орталығы станциясының жалпы қуаты сағатына 414 мегаваттқа жетті деп хабарланды ғой.
- Шынымен де, 2015 жылы «АЖЭО» АҚ-қа қуаты 100 МВт/сағат К-100-9 типіндегі №12 станцияның бу турбинасы іске қосылып, станцияның орнатылған қуаты сағатына 414 МВт-қа жетті. ЖЭО Атырау қаласы мен Атырау облысының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етті. Бірақ бүгінде станция сағатына 260 МВт өндіреді. Оған себеп, біріншіден, жазғы маусымда жылу жүктемесі жоқ, екіншіден, турбина конденсаторына кірер ауыздағы су температурасы жоғары: норматив бойынша кірер ауызда су 200С болу керек, ал ол 31-320С-қа жетеді, бұл ақыр аяғында қуатты шектеп, жұмыс жасап тұрған турбиналардан жүктемені алып тастауға мәжбүрледі. Оның үстіне, қазіргі кезде жоспарға сәйкес қуаты 60 МВт ПТ-60-90/13 типіндегі №6 станцияның турбоагрегаты күрделі жөндеуде тұр. Бұл таяу уақытта аяқталады деп болжанып отыр, яғни, қосымша қуат пайда болады.
- Сіз бұрын АЖЭО-ға жыл сайын қазандықтар мен турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, негізгі міндет - электр энергиясы мен жылу өндіруді азайтпау екенін хабарладыңыз. Бірақ биыл қаңтарда қаланың сол жақ жағалауында жарық ажыратылып қалды, оған №6 және №12 турбиналардың тоқтауы себеп болды дедіңіздер. Ал 26 маусымда 8 турбинаның 4-уі тоқтап қалып, нәтижесінде Атырау мен аудандарда электр қуаты тағы да ажыратылды. Неліктен турбиналар істен шығып отыр?
- АЖЭО-да жыл сайын кесте бойынша қазандықтар мен турбиналарға күрделі жөндеу жүргізіліп отырады. 2018 жылдың 6 айы ішінде өндірілген электр қуаты сағатына 1 млрд 71 млн кВт құрады, өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда өсім 139 млн кВт/сағат немесе 15% болды.
Коллекторлардан жылу энергиясын шығару 2018 жылдың 6 айы ішінде 533 690 Гкал болды, бұл 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда 30 пайызға көп. Осылайша, электр және жылу энергиясын өндірудің төмендеуіне жол берілмеді, керісінше, өсім байқалады.
Биылғы жылдың қаңтарындағы электр қуатының ажыратылуына себеп – №6 және №12 турбиналардың бұзылуы емес, №4 байланыс трансформатының істен шығуы. 2018 жылдың 26 маусымындағы 4 турбинаның тоқтауына келер болсақ, оның себептерін комиссия анықтайды. Турбиналардың өздері бірнеше сағат ішінде желіге қосылды, ешқандай да істен шығу болған жоқ.
Электр және жылу энергиясын өндіру - еңбекті көп қажет ететін, өте күрделі технологиялық процесс, әрине, жабдықтар тоқтаған жағдайлар да болды. Айта кету керек, 2018 жылдың маусым айында ауа температурасы өте жоғары болғандықтан өткен жылғы тұтынуға қарағанда жүктеме 30%-ға артты.
- Бірнеше жыл бұрын ұзындығы 20 км айналма канал салынды. Оған турбинаны салқындататын су құйылады. Егер айдындар жетіспесе, неліктен каналдар санын көбейтпейсіздер?
- Шынымен де, турбина конденсаторларын салқындату үшін айналма каналының жобасы әзірленіп, салынды. ЖЭО балансында жабдықтау каналы, бұрылыс каналы және айналма каналы бар. Каналдар санын көбейту - өте күрделі әрі ұзақ уақыт алатын процесс. Атап айтқанда – жобаны әзірлеу, мемлекеттік органдармен мақұлдау, құрылыс салу үшін жер телімін алу, экология мәселелері, едәуір қаржы салу қажеттілігі және т.б. Бұл жерде мәселені жан-жақты қарау керек.
- Атырауда жыл сайын жазда ыстық болады. Тіпті, энергия тұтыну күрт көбейсе де, АЖЭО мұндай ахуалдарға әзір болуы тиіс. Биылғы жаз маусымына әзірлік қалай болды?
- Жазғы жүктемеге дайындық жабдықты жөндеуге шығару кестесіне сәйкес, үнемі толық көлемде жүргізіліп отырады. Жыл сайын негізгі жабдық, соның ішінде, турбиналар күрделі жөндеуге шығарылады. Станцияның жұмыс режимін алдағы жылға жоспарлау кезінде соңғы 5 жыл ішіндегі өндірістің орташа өсімі алынады. Жоғарыда айтылып өткендей, 2018 жылдың маусымында жүктеме өсімі, әдеттегі орташа өсім 4-5 пайыз болғанда, 2017 жылдың маусымымен салыстырғанда 30 пайызды құрады. Бұл тұрғыда қысқы және жазғы маусымдарда электр энергиясын тұтыну теңескенін, қазір жазғы жүктеменің қысқы жүктемеден асып кеткенін атап өту керек. Дегенмен де, ЖЭО жөндеу жұмыстарының кестесін орындауды қамтамасыз етуі тиіс, біз соны орындап отырмыз. Қазіргі уақытта ЖЭО белгіленген жүктеме кестесіне сәйкес жұмыс жасауда.
- Осы жылдар бойына абоненттер энергия үшін көп ақша төлеп келеді, тарифтер жыл сайын өсіп жатыр. Бұл қаржылар қалай пайдаланылады?
- Ақша негізгі және қосалқы жабдықты жөндеуге, жаңартуға және техникалық тұрғыда жарамды күйде ұстап тұруға жұмсалады. Барлық жабдықтар мен құрамдас бөлшектер Ресейде өндірілетінін, ал ол жақта жыл сайын қазандықтар мен турбиналарға қосалқы бөлшектердің, жоғары және орташа қысымды бу құбырларының, отынның және т.б. бағалары өсіп жатқанын ескеру қажет.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА