Түркияда бір аптадан аса мәжілісте қызу талқыланып, кеше ғана қабылданған заң жобасы президенттің мақұлдауына жолданды. Оған сәйкес, 24 жасқа толған түрік азаматы армияға бармай-ақ, 15 мың лира, яғни 210 мың теңге төлеп, әскери билет ала алады.
Дегенмен үміткерлер 21 күндік жауынгерлік даярлықтан өтуі тиіс.
Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі бюджетті жоспарлау комиссиясының төрағасы Сюрея Сади Билгинч: «Бұл жаңашылдық отан алдындағы әскери борышын өтемеген мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен мүмкіндік», – дейді.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ақылы түрде әскери парызын өтеуге 17 мың медицина қызметкері және білім министрлігінен 400 мыңға жуық азамат өтініш білдіруге әзір. Жалпы Түркияда әскерге бармаған 25 жастан жоғары 1 миллион 324 мыңдай ер азамат бар.
Түрік үкіметі ақылы әскери қызметтен түскен қаржыны елдің қорғаныс саласына жұмсамақ.
Нуриллах Шерер, кәсіпкер:
– Әскерге барсам, дүкенімді жабуыма тура келеді. Менің 3 жасар ұлым мен отбасым бар. Шығындарымды кім өтейді? Әскерден оралғанда, дәл мұндай жұмыс таба аламын ба? Сұрақтар өте көп. Сондықтан жасы асқан, тұрақты жұмысы бар мен сияқты азаматтар үшін ақылы әскери міндет тиімді болады. Қаржысы барлар бұл мүмкіндікті жібермейді. Үкімет сайлауалды бағдарламасында әскери қызметтің ақылы жүйесін енгізетінін мәлімдеген еді. Енді міне, сайлаудағы сол уәдесін орындап жатыр.
Дереккөз: 24.kz