Атырау, 25 қараша 22:24
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Орын бар – билет жоқ

2 790 просмотра


18-21 шілдеде Атырау қалалық вокзалында арнайы мониторинг тобы өткізген «құпия операция» кассада қажет бағытқа билеттің жоқтығын анықтады. Бірақ бұл діттеген жеріңе жете алмайсың деген сөз емес. Ол үшін касса жанындағы «делдалдарға» немесе тікелей жолсеріктерге жүгінсе жеткілікті.

Мониторинг тобының мүшелері Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерімен бірге Атырау-Маңғышлақ, Ақтөбе-Маңғышлақ, Атырау-Алматы бағыттарында билеттер сатып ала алмаған жолаушылар ретінде әрекет еткен.

- «Бақылаушы» сатып алушылар бұл бағыттар бойынша вокзал кассаларында билеттер болмаса да, вагондарда бос орындар болғанын анықтады. Мәселен, «бақылаушы» сатып алушы «Атырау - Алматы» бағыты бойынша билетсіз Шымкент станциясына дейін 20 мың теңгеге баруға келісті. Екінші жағдайда, Маңғышлақ станциясына дейін 5 мың теңгеге баруға келіскен, - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.

Билетсіз жолақы Доссор станциясына дейін 500 теңге, Шымкентке дейін 20 мың теңге (ал билет бойынша 10 350 тг) және т.б. «АЖ» тілшісіне Атырау тұрғындарының бірі хабарлағандай, Құрманғазы (бұрынғы Ганюшкино) станциясына дейін жету үшін «Ташкент-Волгоград» және «Душанбе-Мәскеу» пойыздарының жолсеріктерімен плацкарт үшін 500 теңгеге, ал купе үшін 1000 теңгеге келісуге болады екен. Алайда, пойызбен жүретіндердің көбісі бұл туралы онсыз да біледі. Айта кету керек, «АЖ» тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның билеттерін сататын сайтқа кіріп, Алматы-1 станциясына дейін баратын барлық билеттердің 28 тамызға дейін сатылып қойғанын білді. Ал Маңғышлақ станциясына дейін тек жалпы вагонға орын қалған. Бұл солай ма? Бұдан туындайтын үлкен сұрақ: кассаларда билет жоқ, ал вагондарда қалайша бос орындар болады? Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер осыны анықтаса жөн болар еді.

Фархат ӘБІЛОВ

26 шілде 2018, 23:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.