Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер мен президент Дональд Трамп Вашингтондағы кездесуінде тиімді шешім қабылдады. Ақ үй басшысының айтуынша, тараптар қазіргі тарифтік кедергілерді жойып, жаңа салық түрін енгізбеуге уағдаласты.
Сондай-ақ қызмет көрсету, химиялық тауарлар, медицина және сауданы ұлғайтатын болып шешіпті. Бұған қоса Еуроодақ АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ импортын көбейтеді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
– Еуроодақ – АҚШ-тың ең үлкен сауда әріптесі. Екі арадағы сауда айналымы 1 триллион долларды құрайды. Біз бұл қатынасты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.
Жан-Клод Юнкер, Еурокомиссия төрағасы:
– Бүгін маңызды келісімге келдік. Біз өндірістік тауарларға тарифтерді алып тастау туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ Еуроодақ АҚШ-тан сояны сатып алу көлемін арттырып, энергетика саласында ынтымақтастықты күшейтуге келісті.
Еске сала кетейік, АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда қатынасы наурыз айында Вашингтон одаққа мүше елдерден әкелінетін болат пен алюминийге баж салығын енгізгеннен кейін шиеленісті. Шешім шілде айында күшіне енген соң, Брюссель де АҚШ-тан импортталатын бірқатар өнімге салық салып, екіжақты қатынас ушыға түсті.
Дереккөз: 24.kz