АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақпен “сауда соғысын” тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Ол үшін АҚШ та, Еуроодақ та “барлық тарифтер, тосқауылдар мен субсидияларды” алып тастауы қажет деді. Ол бұл жөнінде Туиттердегі парақшасында жазды.
Бүгін АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда қарым-қатынастары Вашингтонда талқыланады деп жоспарланған. Бұл талқылауға қатысу үшін Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мен Еуроодақтың сауда мәселелері бойынша өкілі Сесилия Мальмстрем келген.
Бұған дейін Трамп мұндай кездесу “бірнеше жыл бұрын өтуі тиіс еді” деп мәселенің кеш қаралып отырғанын меңзеген еді. Ол сонымен бірге Еуроодақтың ұзақ жылдар бойы сауданы әділ емес түрде жүргізіп келгенін айтқан.
АҚШ наурыз айында Еуропа, Канада және Мексикадан келетін болат, аллюминийге қосымша баж салығын енгізген. Оған жауап ретінде Еуроодақ та АҚШ-тан импортталатын кейбір тауар түрлеріне айыппұл енгізген.
Екі ел арасындағы талқылау жиыны қарсаңында Еуроодақ та сауда кикілжіңін шешуге дайын екенін де мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org