Израиль мен Сүрия әскерилері Голан шыңдары аймағындағы шекара сызықтарын қайта қалпына келтіру мәселесіне қатысты осымен үшінші рет кездесу өткізіп отыр. Бұл туралы франциялық france24.com/fr агенттігі хабарлайды.
Айта кету керек, екіжақты келіссөздерге қатысты ресми мәлімдеме әлі жасалмады. Дегенмен, келіссөздердің Голан шыңдарында, БҰҰ өкілдерінің делдалдық етуімен өткізілгені туралы хабар бар.
Израиль мен Сүрияның шекара сызықтарын қалпына келтіруге бағытталған талқы Израильдік әскерилер тарапынан Сүрияның әскери ұшағының атып түсірілуіне қатысты оқиға төңірегінде өткен. Израиль тарапы өзінің осы әрекетін сүриялық әскери ұшақтың Израиль территориясына заңсыз кіргендігімен түсіндіреді.
Еске салайық, қазіргі уақытта Сүрия үкіметтік әскері мен Ресейдің әуе-ғарыш күштері Сүрияның оңтүстігінде әскери операция жүргізуде. Осы операция барысында сүриялық әскер Голан шыңдарына қарай ойысқан. Ендігі жерде, Израиль мен Сүрияның арасындағы шекарасына қатысты мәселеде тағы да еларалық қақтығысқа себеп болуы мүмкін екендігін ескерген Израиль тарапы осы келіссөздерді мемлекетінің қауіпсіздігінің алдын алу деп санайды.
Дереккөз: “The Qazaq Times”