Атырау, 13 желтоқсан 05:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Балықшылар мерекесі

5 136 просмотра

8 шілдеде «Мұнайшы» спорт кешені алдындағы алаңда Балықшылар күні аталып өтті.

Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының би ұжымы мен әншілері жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ерболат ҚАДИМОВ сала үздіктеріне облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарын тапсырды.

Ал саладағы ахуал мәз емес. Бірнеше жылдан бері Жайық өзенінің тайызданып бара жатқаны байқалады. Сағаның су кеткен қылтасы арқылы балық өтпейді деуге болады. Лимиттер орындалмай қалып жатыр. Дегенмен, балықшылар қол қусырып отырмауға тырысуда. «Інжу-маржан» ЖШС директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВАНЫҢ (суретте)айтуынша, оның шаруашылығындағы жағдай жаман емес. ЖШС Төменгі Дамбы деп аталатын Каспий теңізі жағынан санағандағы алғашқы балық аулайтын жерлердің бірін пайдаланады екен. Биыл жалғыз ғана уылдырықты қортпаны осы жерден ұстап, бекіре балығын өсіретін Жайық-Атырау зауытына шабақтар алу үшін тапсырған.  

– Биыл көктемгі балық аулау  маусымының бар болғаны 15 күн болғанына қарамастан, біз Жайық өзенінен 32 пайыз, теңізден 28 пайыз балық аулау лимитін игердік. 25 млн теңге мөлшерінде пайда тауып, жергілікті бюджетке 10 млн теңге шамасында биоқорлар үшін салық төледік. Күзгі балық аулау маусымы 3,5 ай, сондықтан жылдық жоспарды толығымен орындаймыз деп ойлаймын,- дейді Г. Исмағұлова.

«Інжу-Маржан» кәсіпорыны Қазақстанның басқа аймақтарына, сондай-ақ, Әзірбайжанға, Ресейге, Грузияға және Украинаға балық жеткізіп отырады. Тұтынуға дайын өнімді шығаруға мүмкіндік беретін өндірістік цех та салып жатыр. Көктемгі балық аулау маусымы аяқталғаннан кейін балықшылар Махамбет ауданындағы  13 тоғанның шабақтарын құтқарумен айналысыпты. Бұдан басқа, бекіре тұқымдастардың шабақтарын шығару үшін бекіре өсіру зауытына 1,2 млн теңге аударылды.

Мерекеде «Ракуша» кооперативіндегі таныс балықшылармен кездестім. Бұл кооператив теңіз жақтан санағандағы соңғы балық аулайтын Бугорки  деген жерді пайдаланады. Соған сәйкес, оларда балық аулау аумағы анағұрлым аз.

– Көктемде қандай жалақы алдыңыздар,- деп сұрадым мен.

– Бір айда 200 мың теңгеден алдық. Енді жұмыс іздеп жатырмыз, балық аулау маусымдық шаруа ғой.

Мерекелеріңізбен!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

8 шілде 2012, 23:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.