Атырау облысы Жылыой ауданында қуаңшылықтан 200-ден астам шаруа қожалығы мен тұрғындар мал азығын дайындауда қиындық көріп отыр. Қыстан қоңды шығу үшін аудан бойынша биыл 48 мың тонна мал азығын дайындау керек болса, бүгінде тек 4 тоннасы ғана орындалған.
Шабындықтың бітік шығуы Жем өзенінің тасуына байланысты. Ал өзеннің толығуы Ақтөбе облысының Мұғалжар тауынан келетін қар суына тәуелді. Бұрын көктемде өр суы келгенде өзен арнасы біраз көтерілетін, ал биыл су аз болды.
- Бұрын шаруалар іргеден шөп шауып, пішендерін дайындап алатын еді, биыл ондай мүмкіндік жоқ. Малдың қоңын түсіріп алмау үшін малшылар алыс құмға дейін көшіп отыр,-дейді Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұртас ҚУАТБАЕВ. - Көршілес Ақтөбе облысынан 10 мың, Қызылқоға ауданынан 10 мың гектар шабындыққа жер сұрап, келіссөздер жүргізіп отырмыз.
«Достан-Ата» ШҚ басшысы Сейітжан БАЛЖІГІТОВ:
- Амал жоқ, 200 шақырым жерге пішен дайындауға барайын деп отырмыз. Жанармай қымбат, оның үстіне жер шалғай. Қыс қалай болатыны белгісіз ғой, біз мал басын кемітейін деп отырмыз. Оның бәріне шөп жетпей қалуы мүмкін.
Жылыой ауданын аралап жүріп, күннің ыстығына қарамай, жалғыз өзі тракторымен шөп дайындап жүрген шаруаны кездестірдік.
«Қараш» ШҚ басшысы Жұман ҮБІҒАЛИЕВ:
- Қожалығымды бұдан 14 жыл құрғанмын. Несиеге трактор, ірі қара алдым. Жыл сайын шөпке қыруар қаржы жұмсайтынмын. Биыл шөп қымбат. Енді өзім дайындап алып жатырмын. Бір айда 500 рулон дайындап алдым. Әлі бір айдай жұмыс істеймін...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор