Ауғанстан астанасы Кабул әуежайына жақын жерде болған жойқын жарылыстың салдарынан кем дегенде 16 адам қаза тауып, тағы 60-ы жарақаттанды. Бұл туралы ТАСС агенттігі жергілікті TOLOnews сайтына сілтеме жасап хабарлауда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ауғанстанның бірінші вице-президенті Абдул Рашид Дустум мінген айыру белгілері жоқ чартерлік рейс жексенбі күні сағат 16.30-да (Астана уақытымен 18.00) Хамид Карзай атындағы Халықаралық әуежайға қонған болатын. Жүздеген адам, соның ішінде жоғары лауазымды тұлғалар Түркияда 14 ай болып келген вице-президентті қарсы алу үшін ұшып-қону жолағына жиналып тұрған еді.
Абдул Рашид Дустум броньды көлікпен әуежайдан шыққаннан кейін біршама уақыттан соң қуатты жарылыс болды. TOLOnews телеарнасының хабарлауынша, ажал құшқандардың дені қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. 2017 жылы Түркияға қашып кетіп, қайта оралған шенеунік А.Дустум зардап шеккен жоқ.
Бұған дейін қаза болған 11 адам, зардап шеккен 14 адам туралы айтылған еді. Жарылыс үшін жауапкершілікті «ДАИШ» (Қазақстан және өзге де бірқатар мемлекеттер аумағында тыйым салынған) лаңкестік тобы өз мойнына алды және террорлық актінің мақсаты Ауғанстанның бірінші вице-президенті Абдул Рашид Дустумның көзін жою болғанын айтты.
Дереккөз: inform.kz