Атырау облыстық сотында тұрғындар арасында бітімгерлік рәсімдерді насихаттау және Билер кеңесін құру туралы сегіз жақты меморандумға қол қойылды.
Меморандум тараптары ретінде облыстық соттың төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла РИЗУАНОВ, Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат ӨТЕШОВ, «Елсана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан ЕРМҰХАНОВ, «Жас Отан» жастар қанаты филиалы төрағасының м.а. Динара САМАТОВА, медиация орталығының директоры Гүлбаршын МАРДАНОВА, Марина МҰХТАРОВА және Рысты ҚАЛИЕВА қатысты.
Кездесуде сөз сөйлеген М. Бектұрғанов ҚР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Жақып АСАНОВТЫҢ қазақстандықтарды кез келген себептермен сотқа жүгінбей, ымыраласып, татуласуға шақырған үнедеуін еске салды.
- Жақында Жоғарғы соттың өкілдері жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізіп, онда бітімгерлік рәсімдерін дәріптейтін мобильді топтар мен Билер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Билер кеңесі облыстық соттың жанындағы консультативтік-кеңесші органы ретінде жұмыс істейді. Сөзге шешен, едәуір беделі бар кеңес мүшелері адамдарға дәстүрлі «Қазақ заңдары» негізінде туындаған дауларды шешуге көмектеседі, - деді Бектұрғанов.
Қазір облыстық әділет басқармасында Билер кеңесін тіркеуге құжаттар дайындалуда. Мұндай шаралар қазір еліміздің кейбір өңірлерінде де жүріп жатыр.
Бұдан басқа, жақын арада Атырау қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотында «түнгі сот» іске қосылады. Шын мәнінде, «түнгі» деген сөз қатты естілуі мүмкін, бірақ кішігірім ЖКО бойынша істер кешкі 6-ға дейін емес, 10-ға дейін қаралатын болады.
Мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ:
- ЖКО-ға қатысушылардың келісімі бойынша уәкілетті органның қызметкері жол-көлік оқиғасы болған күннен бастап үш күннен кешіктірмей сотқа келу күні мен уақыты туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға жыртылмалы талон толтырады. Егер ЖКО-на қатысушы ұстанымын өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, судья жалпы тәртіпте қарау үшін тыңдауды кейінге қалдырады. Мұндай тәртіп азаматтарға уақытты үнемдеуге көмектеседі.
Болашақта «түнгі сотта» отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен кейбір бұзақылық фактілерін қарау жоспарланған.
Фархат ӘБІЛОВ
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі жолдаған сурет