Соңғы кездері мұнай астанасының көшелерінен түтіндеткішінен шұбалаңқы қара түтін будақтайтын үлкен жолаушылар автобустарын жиі көруге болады. Жалпы, қала көшелерінің ластануы өте жоғары. Сондықтан полиция қызметкерлерімен бірге облыстық экология департаментінің қызметкерлері де «Автобус» рейдіне атсалысты. Алайда түтіндеген осы автобустарды ұстай алмады.
Полицейлер тоқтатқан алғашқы автобус – 2007 жылғы «ПАЗ» автобусы. Олар өз саласы бойынша ереже бұзушылықтар анықтамады, содан кейін іске экологтар кірісті. Түтіндеткішке «Aвтотест» газ анализаторын салды - шығатын газдарда көмірсутектердің мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асады екен. ҚР Әкімшілік кодексінің 334-бабы (Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді пайдалану) бойынша, жүргізушіге бірінші рет ескерту берілді. Келесі жолы – айыппұл салынады.
«Жұмыскер - Дина» бағыты бойынша жүретін «ГАЗель» жүргізушісі 57 жастағы Өзбекстан азаматы екен. Экология бойынша оған ескертпелер жоқ, бірақ басқа проблемалар бар. Алдыңғы әйнегі жартылай күңгірттелген, ал ол 15 см-ден артық болмауы керек. Сол үшін айыппұл салынады. Жүргізушісі жүргізуші куәлігін көрсетті, бірақ полицейлер төлқұжатын да талап етті, ал ол өзімен бірге төлқұжатын алып жүрмеген боп шықты. Енді ол осы құжатты көші-қон полициясына үш сағат ішінде ұсына алмаса, сот шешімімен отанына депортацияланады.
...Дегенмен, «АйсТрансХолдинг» ЖШС-не тиесілі түтіндететін үлкен автобустар қайда? Таң қаларлығы, рейд кезінде олар қала көшелерінен ғайып болғандай еді. Дегенмен, біреуі бой көрсетті. Сол кезде экологтар дәрменсіз күйге түсті: өздерімен бірге алып шыққан «Автотест» аспабы дизельдік емес, бензин қозғалтқыштарынан ғана шығатын газдардан көмірсутектер құрамын анықтай алады екен. Ал бұл автобустар дизель отынымен жүреді. Ал керек болса!
Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА:
- 15-18 шілдеде Атырау облысында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 300-ден астам жүргізуші әртүрлі бұзушылықтар үшін, оның ішінде 3-уі - шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшерін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ