Израиль парламенті Израиль мемлекетінің ұлттық сипаты туралы даулы заң қабылдады. Аталған заңға 62 депутат дауыс беріп, 55-і қарсы шыққан. Бұл туралы DW агенттігі хабарлайды.
Заңда "Израиль — еврей халқының тарихи отаны, ұлттық өзін-өзі тану құқығына тек еврей халқы ие. Ал иврит тілі — мемлекеттің бірден-бір ресми тілі болып табылады. Иерусалим — ел астанасы. Ал, еврей елдімекендерінің дамуы мемлекеттік маңызды міндет болып саналады. Сонымен қатар, араб тілі болашақта мемлекеттік құрылымдарда қолданылатын «арнайы мәртебе» алды" - делінген.
«Израиль — бұл еврей халқының ұлттық мемлекеті. Біз барлық азаматтарымыздың құқығына құрмет көрсетеміз», - деген Израиль премьері Биньямин Нетаньяху заң қабылданғаннан кейін. Сонымен қатар, араб ұлтты депутаттар осы заңды нәсілшілдік деп атап, оның қабылдануын «демократияның жойылуы» деп санайтындарын мәлімдеді.
Айта кетейік, араб халқы Израиль тұрғындарының шамамен 20%-ын құрайды.
Дереккөз: “The Qazaq Times”