Атырау облыстық прокуратура алқасының отырысында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы жасалды. Өңірімізде қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25%-ға азайған.
Отырыста бас бостандығынан айыру орындарына тыйым салынған заттарды алып өту мәселесіне көп көңіл бөлінді. Мұнда да көп жұмыстар атқарылған: 70 ұялы телефон тәркіленіп, екі «зонаға» және тергеу абақтысына есірткілік заттарды жеткізудің 12 әрекеті құрықталған.
Еңбек қатынастары саласында прокурорлар санитарлық және өртке қарсы нормаларға сай келмейтін жағдайларда жұмыс істеген 5 мыңнан астам адамның құқықтарын қорғаған. Нәтижесінде адамдар өндірістегі зиян үшін қосымша 100 млн теңгеден астам үстеме ақы алды.
Браконьерлікке қарсы күреске қатысты: құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қара балықты заңсыз балық аулаумен және оны елден тысқары шығарумен айналысқан балық аулау кооперативтерінің бірінің қызметкерлерінен, балық қорғау қызметкерінен және «Ақжайық» резерватының инспекторынан құралған қылмыстық топ құрықталды. Осы қылмыстық іс бойынша 56 адам 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Фархат ӘБІЛОВ