Жылыой ауданының орталығы - 60 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласында көптен бері ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. Су тапшылығынан көппәтерлі үйлерде суды кесте бойынша береді, алайда бұл да шешім болмай тұр.
Қалаға ауыз су «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбыры арқылы қамтамасыз етіледі. Осы су «КазТрансОил» АҚ станциясынан тазартылып, «Жылыойсу» МҚК арқылы халыққа таратылады. Бүгінде бұл мекеменің «КазТрансОил» АҚ-қа бережағы 40 млн теңгені құрап отыр.
Жаңыл КУРПЕКОВА:
- Мен бесінші қабатта жалғыз тұрамын. Ауыз су үнемі бола бермейді. Амал жоқ жертөлеге қойылған кранттан тасимын. Бұл суға кезекте тұрып, кейде таласып та қаламыз. Мұның бәрі қиын әрі жағымсыз.
Ризида УТЕГУЛОВА:
- Әкімдіктен де талай адам келді, кетті. «Бәрін қатырамыз» дейді, бірақ өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Ауданда әкім жиі ауысады, әрқайсысы уәде береді, өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. «Жылыойсу» «сорғы қондырып алыңдар» дейді. Оған бәрінің жағдайы келе ме?
Аудан әкімінің орынбасары Қахарман БАҒЫНОВ:
- Ауданда ең өзекті мәселе су жайы болып тұр. Соның ішінде көпқабатты үйлердің жоғары қабатына жетпей отыр. Биылғы күннің күрт ыссылығынан жеке секторда тұратын тұрғындардың суды тұтынуы артқан. Қазір біз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, мүмкін осы бір нәтижесін берер: сумен қамтуды «Газмұнайсервис» ЖШС-ке сенімгерлік басқаруға беру процесі басталды.
- Жұртшылық арасында қалада биыл пайдаланылуға берілген аквапарктің ашылуына байланысты су қиыншылығы орын алды деген әңгіме бар.
- Ол қате пікір. Аквапарк бір рет қана суды алды, соны тазартып өздері пайдаланып отыр.
Материал дайындалып жатқанда Жылыой ауданы басшылығы мен «ҚазТрансОйл» АҚ өкілдерінен құралған екіжақты комиссия магистралды су таратқыштан тәулігіне берілетін су мөлшерін көтеру туралы шешім қабылданғаны туралы хабар келді.
Жылыой ауданы әкімі Азамат БЕКЕТ:
- Комиссия мүшелері Құлсары қаласындағы берілетін су мөлшерін көбейтуге шешім қабылдады. Яғни, қалада су беру мөлшерін 9400-ден 12000 текше метрге көтердік.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор