Оқу жылы аяқталысымен Атырау облысының Құлсары қаласындағы жеке меншік «Болашақ-Жылыой» колледжі биылғы оқу жылынан кейін жабылатыны белгілі болды. Мұнда көптеген жергілікті жастар оқитын. «АЖ» тілшісі бұл туралы колледж директоры Самал БЛАНОВАМЕН сөйлесті.
- Колледж бұдан 6 жыл бұрын мемлекеттік лицензиясы бар жекеменшік оқу орны ретінде ашылды. Мұнда мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, дене тәрбиесі және спорт, құқықтану, элекрмен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер аудармасы факультеттері болды,- дейді Бланова. – Бізде 200-ге жуық студент оқыды. Жылдық оқу ақысы - 90-105 мың теңге. Өкінішке орай, қаржылық мәселелерге байланысты, бұдан әрі оқытуды жалғастыру тиімсіз болды. Оқу ақысын көтере алмаймыз, халықтың қалтасы көтермейді.
- Енді студенттер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Әрине, біз мұны ойластырдық. Құлсары қаласындағы техникалық колледж директорымен келісімге келіп отырмыз. Ауысу үшін студент сол колледжге барып, өтініш жазып, сұраныс алып келеді. Студенттер басқа қалалардағы колледждерге де ауыса алады. Алайда, қайта қабылдау, ауысу заңдылығына сәйкес пән айырмашылығына байланысты бес пәннен емтихан тапсырады. Әрине, ақысы бізге қарағанда қымбаттау.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор