Атырау, 25 желтоқсан 11:20
 бұлттыВ Атырау 0
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Коттедждер өзенге ауыз салды

2 634 просмотра

Енді обамен күрес стансасының төңірегіндегі тыныш жатқан жағалау маңына көз тіккендер көбейді.

ЖАҢА КӨРШІЛЕР

Техника ерсілі-қарсылы қозғалып, жағалауға карьерлерден алынған топырақтарды тасып жатыр. Бастапқыда төңіректегі тұрғындар көптен бері уәде етіп келе жатқан жағалау нығайту жұмыстары ақыры басталған-ау деп топшылапты. Оның үстіне, соның алдында ғана жергілікті БАҚ беттерінде жаңа Мечников-Баймұханов көпірінен  Нәжімеденов көшесіне дейінгі жағалау маңы жөнделеді деген ақпарат жүріп өткен еді. Алайда грейдерлер осыдан жарты ғасырдай бұрын тұрғызылған топырақ үймегінің бір метрдей жерін тегістеп, содан кейін жер өлшеушілер учаскеге қазық қаға бастағанда, адамдар бір шикілікті түсінген. Кешікпей керемет джипке мінген учаскенің жаңа қожайындары пайда болды, бұлар көршілер боп шықты.

– Үймектен 20 метрдей жақын жерге қандай да болмасын құрылыс салынуға тиіс емес деп бізге әлденеше рет ескерткен болатын. Ал енді келіп оның шетін тегістеп, суға жақын жерге жаңа үйлер салуға дайындық жүргізіп жатыр. Әрине, біз келгендерден бұған қандай негіз бар деп сұрағанбыз. Олар бұл жерде коттедж қалашығындай үйлер салынатынын айтты. Онда тұрмақшы тұрғындардың қатарында облысқа өте танымал жандар бар екенін естідік, - деп әңгімелейді Мечников көшесінің тұрғыны Арман. Жер учаскелерін де олар өткен жылы кезек тәртібімен тегін алған көрінеді.

– Біздің жақта ескі базардан өзенге шығатын жолы бар жалғыз ғана жер осы. Жазда мұнда демалушылар көп болады. Егер бұл жерге үйлер салынса, жергілікті тұрғындарға демалатын да жер болмай қалады. Ең бастысы, коттедждер құрылысын біздің учаскелерімізге қабыстыра салуды жоспарлап отыр. Мұндай жағдайда ол өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметтеріне және т.б. өтетін бірден-бір жолды жауып тастайды, - дейді Светлана РАХИМОВА.

 

БҰЗЫЛҒАН ТЕЛЕФОН ОЙЫНЫ

Бүкіл дәлелдерін Пушкин мен Заболотный көшелерінің, Мечников көшесі мен өткел тұрғындары өз арыздарында баяндап, прокуратураға, қалалық әкімдікке, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекцияға жолдапты. Атап айтқанда, арызда өзеннен бөгетке дейінгі қашықтық 50 метр құрайтындығы, ал кей жерлерде ол 30 метрге дейін кішірейгені айтылған. Көктемде бөгет маңындағы шығанақта өзен арнасынан шығып, ол жерге қара балықтар уылдырық салады. Ендеше өзеннің су қорғау аймағына коттедждер салу, жағалау нығайту бөгеттерін бұзу заңды ма? Оның үстіне бұрын бұл жерде жағалау бекіністерін салу жоспарланған.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері учаскені тексеріп шығып, суретке түсірді, өзеннен қазыққа дейінгі қашықтықты өлшеп, арызда көрсетілген фактілерді растады. Департамент қалалық билікке қорғаныс бөгетінің бұзылу қаупі төніп тұрғанын, соған орай қала тұрғындары үшін қауіпті ахуал қалыптасқанын хабардар етті.

Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ арызға қисынға сай  келмейтін жауап беріпті. Оның хатына сәйкес, 2011 жылы Мечников көшесінен Берғалиев көшесіне дейін ұзындығы 1 660 метр болатын жағалау бекіністерін салу жұмыстары басталған. Жоспар бойынша оларды биылғы жылдың аяғында аяқтаулары тиіс. Нұрлығожиев жағалау нығайту бөгеттерінің бұзылуы ешқандай қауіп төндір-мейтінін сеніммен білдіріпті. Содан соң қалыптасқан жағдайға байланысты келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге кеңес берген. Ең бастысы – коттедждер құрылысы туралы хатта бір ауыз сөз жазылмапты.

– Мен осы мәселені хатта көрсетілген орындаушыдан – Ж. ҮМБЕТӘЛИЕВАДАН анықтауға тырыстым, алайда осы жер учаскесін ол тіпті көрмеген екен, жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтерінің негізінде жасақтаған боп шықты, - дейді Светлана Рахимова.

 

ПРОКУРАТУРА ШЕШЕ МЕ?

Арызды тексеруге су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы тиянақты қарапты. Инспекция қызметкерлері аумақты тексеріп шығып, мынадай қорытынды жасаған: «Жайық өзенінің оң жақ жағалау бөлігінің су қорғау жолағында обамен күрес стансасының су тарту сорғысына жақын жерде алаңы шамамен 0,29 га болатын жер учаскесінде жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп, жер учаскесінің шекарасын білдіретін қазықтар қағылған. Тексеру барысында Атырау қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 11 қарашадағы №1810 және 1813 шешімімен екі қала тұрғынының осы аумақта тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін уақытша пайдалану құқығына ие болғаны анықталды. Бұл шешімдер ҚР Су Кодексінің талаптарына қайшы келеді. Атап айтқанда, 125-баптың 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, су қорғау жолағының шеңберінде су шаруашылығы мен су тарту құрылғыларынан, көпірлерден, айлақтардан, кемежайлардан, пирстерден және өзге де су көлігі қызметімен байланысты  инфрақұрылым нысандарынан басқа ғимараттар мен құрылыстар салып, пайдалануға тыйым салынған.

Жайық өзенінің осы учаскесіндегі су қорғау жолағы облыстық әкімдіктің қаулысына сәйкес 50 метр құрайды. Су қорғау жолағының шекарасы қорғаныс бөгетімен сәйкес келеді. Аталмыш жер учаскелері бөгеттің ішкі жағынан берілген, яғни, Жайық өзенінің су қорғау жолағында орналасқан.   

Су қорғау аумағында жер учаскелерін бөлуді жергілікті атқарушы органдар су қорларын пайдалану және қорғау, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы өкілетті органдармен мақұлдауы тиіс. Алайда, бұл жағдайда жер учаскесін жеке тұрғын үй салу үшін таңдау және рұқсат беру актілері Жайық-Каспий бассейндік инспекциясымен мақұлданбаған».

Осы негізде инспекция хатты Атырау қаласы әкімінің 2011 жылғы 11 қарашадағы №1810 және 1813 шешімдерінің күшін жойғандығы туралы Атырау қаласының әкіміне хат жолдаған. Ал осы іс бойынша бүкіл материалдар табиғат қорғау прокуратурасына жолданды.

Аудан тұрғындарының айтуынша, әзірге учаскеде дайындық жұмыстары саябырсып қалған. Алайда олар су қорғау жолағын қорғап қалар ма екен әлде бұл жер де өзен маңындағы басқа шұрайлы жерлердің кебін киер ме екен?

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 шілде 2012, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.