«АЖ» тілшісі жұмада Атырау облыстық ІІД-нің жол-патруль қызметкерлерімен бірге түнгі рейдке шықты. Сақшылар іш пыспайды деп ескерткен еді, солай болып шықты.
Полиция лейтенанты Алмаз ЗАКАРЬЯЕВПЕН бірге патруль көлігіне мінгенімыз сол еді, 102 пультіне Привокзальныйда бір аяғы жоқ мүгедектің көшеде ұйықтап жатқаны туралы дабыл түсті.
Бардық. Әлгі адам сау екен. Тек ашық аспан астында түнемек болған. Оны көлікке отырғызып, Лесхоздағы белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына алып бардық. Жол бойында тілдестік:
- Жасым қырықта, үшінші топ мүгедегімін, атым Аманқос. Сайтан алғыр, жақында тоналып қалдым, банк картам мен бірнеше мыңымды алып кетті. Зейнетақым 30 мың теңге ғана.
- Қай жақтансыз?
- Қызылқоғаданмын. Үйленбегенмін. Өзім малшымын, жұрттың сиырын бағамын. Бірақ, егер сиыр екі бұзау туса, біреуі менікі болады. Қазір үш сиырым бар – бұзауларым өсті.
- Қалада не істеп жүрсіз?
- Өзіме кесте жасадым: вахта сияқты – 15 күн ана жақта, 15 күн Атырауда боламын. Мен жоқта малды достарым қарайды. Содан кейін, керісінше, мен далада болсам, олар осында болады. Маған осы өмірім ұнайды, рахат күй кешемін.
Орталық қызметкерлері Аманқоспен әңгімелесіп, оны түнге алып қалуға келісімдерін берді. Таңертеңгі сағат 9-да жіберетін болды.
- Егер бізде қалғысы келсе, бірінші күні флюорографиядан өтіп, түсірілімін алып келуі тиіс, - деді орталық қызметкері. – Дегенмен, қалмайтынын біліп тұрмын.
Лесхоздан шыға бергенде, хабарлама түсті: «Назар аударыңыздар, Авангардтың соңғы аялдамасында белгісіз екеу егде әйелге күш қолданып жатыр. Дереу тексеріңіздер». Тұрған жерімізге қарай, бұл бізге арналған шақырту, басқа экипаждарға қарағанда ең жақыны біз. Жақындадық. Екі жігіт, масаң көрінеді, бірінің кеудесі жалаңаш, жалаңаяқ. Полицияны ызалана қарсы алды, төбелесе кетпек болды, бірақ оларды тез сабасына түсіріп, қолдарына кісен салынды. Балықшыға алып кеттік, ол жақта наркологиялық диспансер бар. Екеуінің де орташа дәрежеде мас екені расталды. Бір қызығы – бұзақылардың айтуынша, әлгі әйел жерге бос бөтелкені тастап, қаламыздың тазалығын бұзған екен. Әйелге ескерту айтыпты, содан ушығып кеткен.
Ал жапа шегуші полицияның тірек пунктінде жауап беруде. Тіпті, дене жарақаты болмаса да, тазалық сақшыларына ҚР ҚК-нің «Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» деген 380-бабы бойынша үлкен қиындық туайын деп тұр.
…Нұрсаядағы криминал: көліктен портмоне ұрланған, ал қожайыны бірер минутқа ғана ұзаған екен. Қылмыскерді «із суытпай» ұстау мүмкін болмады, бірақ әрі қарай жедел уәкілдер жұмыс істейді. Ал әзірге ғажайып көрініс: армян нөмірлі көлік, әйнегі түгел күңгірттелген, қара көк түсті. Армениядан көлік сатып алған біздің жақтың жігіті (ол жақта арзан деседі) бұл жердің Кавказ емес екенін ұмытыпты. Полицейлер күңгірттелген үлдірін алып тастап, ереже бұзушыға 12 мың теңге айыппұл салды. Айтпақшы, 7 күн ішінде төлесе, жартысын үнемдейді.
Түн ортасынан кейін жиырма шақты жол қозғалысы ережесін бұзушылық тіркелді. Көш басында – белдік тақпау, ұялы телефонмен сөйлесу және жылдамдықты арттыру. Көріністі Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА толықтырды:
- «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасының барысында алғашқы тәулікте куәліксіз көлік жүргізген 17 факт, жылдамдық арттырған 150 жағдай тіркелді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ