"Бізге түскен ақпараттар бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 30 мамырына дейін Солтүстік Корея танкерлері кемелерден кем дегенде 89 рет мұнай өнімдерін сатып алған" делінген АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға салған санкциясын бақылайтын комитетіне ұсынған құжатында.
АҚШ Солтүстік Кореяға нақты қай елдердің тазартылған мұнайды заңсыз бергенін айтпады. Былтыр желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға экспортталатын мұнай өнімдері көлемін жылына 500 мың баррельге дейін шектеген. АҚШ Солтүстік Кореяны Вашингтон бұл елмен ядролық қарудан бас тарту жөнінде келісім жасауға көндіруге талпынып жатқан кезде айыптап отыр. Қауіпсіздік кеңесі комитетінің мәліметінше, Ресей мен Қытай ғана 2018 жылы Солтүстік Кореяға 14 мың тонна тазартылған мұнайды заңды жолмен сатқанын хабарлаған.
"Бұл мұнай сату және кез-келген басқа да операциялар дереу тоқтатылуы тиіс. Себебі АҚШ Солтүстік Корея 2018 жылға белгіленген мұнай өнімдерін сатып алу квотасын бұзып отыр деп біледі" делінген комитетке ұсынылған құжатта.
АҚШ Қауіпсіздік комитетіне солтүстіккореялық 89 танкердің тізімі мен олардың бірнеше суретін жолдаған.
Дереккөз: azattyq.org