Атырау, 25 желтоқсан 12:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Кешіккеннің кесірі көп

2 325 просмотра

Атырау халқының тойға 3 сағат кешігу дәстүрі жаппай улануға ұласуы мүмкін. Облыстық әкімдіктің кеңесінде Атырау облыстық Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Теміржан СУКАШЕВ осындай мәлімдеме жасады.

Мәжіліс залында Сукашев өз мекемесiнің қонақтар көп келетін мейрамханаларда және кафелерде той мен еске алу дастархандарын ұйымдастырушыларға тағамдарды өздері әзiрлеуге тыйым салғанын айтты. Мұндай жағдайда  дайындау, сақтау ережелері жиі бұзылады және қонақтар үш-бес сағаттай кешігіп келеді де, осы уақыт ішінде дұрыс дайындалмаған тағам індет ұясына айналады екен.

Осындай жағдай таяуда Қарағанды облысында орын алып, елу шақты адам “оливье” салатынан уланып қалыпты. Санитарлық дәрігерлер жаппай улану себебі салтанат қожайындары дайындаған майонезден болған деп күдіктеніп отыр.

Бұдан басқа, санитарлық дәрігерлер қауіпсіздік мақсатында ет тарату жоралғысынан бас тартатын кез келді деп есептейді. Өйткені бесбармаққа арналған ет санитарлық нормалар сақталмай сойылады.

Облыстың бас санитарлық дәрігері өткір ішек инфекциясымен сырқаттану деңгейінің әжептәуір азайғанын, алайда мұнымен негізінен 6 жасқа дейінгі балалардың ауыратындығы алаңдатып отырғанын мәлімдеді. Көп жағдайда бұған сапасыз тағам себеп болған. Әсіресе, оннан астам бала бір уақытта ауырып қалған Мақаттағы төтенше жағдай біраз шулатқан еді. Сукашевтің айтуынша, нақты себептер ақыры анықталмапты. Бұдан басқа облыста, неліктен екені белгісіз, дизентерияның алдын алуға арналған бактериофаг препараты жоқ боп шығып, Мақаттағы індетті өршітпеу үшін Маңғыстаудан дәрі-дәрмек алдыруға тура келген.

Сукашев сондай-ақ, Қызылқоға, Жылыой және Исатай аудандарында инфекционист-дәрігерлердің жоқтығы туралы және аймақтағы су тазарту қондырғыларының көпшілігінің тозғандығын айтты.

– Индер ауданында 4 объект жұмыс жасамайды. Амангелді селосындағы су тазарту қондырғысы іске қосылмай тұр. Жылыой, Индер, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарында зарарсыздандыру жүйесі, тұндырғыштар жоқ. Жылыой, Индер және Мақат аудандарында су сағатпен беріледі, бұл эпидемиологиялық салдарға апарып соғуы мүмкін.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ су тазарту қондырғыларына қатысты мәселенің қолға алынғанын айтты.

– Таяу уақыттарда олардың бәрі іске қосылатын болады, - деп мәлімдеді ол.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

4 шілде 2012, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.