Атырау, 30 қараша 05:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

НАТО елдері маңызды мәселелер бойынша декларация қабылдады

1 895 просмотра


НАТО-ға мүше 29 елдің басшылары Брюссельде 11 шілдеде өткен саммитте бірлескен декларация қабылдады. Құжатта Ресейдің басқыншылық іс-қимылдары еуроатлантикалық аймақтағы қауіпсіздікке нұқсан келтіретіні және халықаралық тәртіпті бұзып, "НАТО-ға қатер төндіретіні" айтылған.

Құжатта Ресейдің Қырымды аннексиялап алып, Украина шығысында тұрақтылықты шайқалтқаны, НАТО-мен шекараға жаңа қару-жарағын орналастырғаны, Мәскеудің "ядролық қарумен қоқан-лоқы көрсетуі", шетелдердегі сайлауға килігуі салдарынан аймақтағы ахуалды болжап білу мүмкін болмай бара жатқаны көрсетілген. Декларацияда сонымен қатар НАТО елдері Лондонның Солсбериде химиялық улы заттың қолданылуына Ресей кінәлі деген түжырымымен келісетіні айтылған.

Альянс елдері құжатта Ресейді Грузия, Молдова және Украина аумағынан әскерін шығаруға, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдауын тоқтатуға және Минск келісімін толық орындауға шақырады. Дегенмен, альянс елдері егер Мәскеу саясатын өзгертсе, диалог орнатып, қарым-қатынасты жақсартуға дайын екенін айтады.

НАТО сонымен қатар Македонияға альянсқа қосылу жөніндегі келіссөз жүргізуге ресми шақырту жолдады. Бірақ НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің айтуынша, Македония альянсқа Грекиямен жасалған келісім бойынша ел атауына Солтүстік Македония деп ресми түрде өзгерткенде ғана қосыла алады. Македонияда бұл мәселе бойынша биыл күзде референдум өтуі тиіс.

Бұдан өзге, декларацияда НАТО елдері "ауыртпалықты бірге көтеретіні" және қорғанысқа бөлетін қаржыны көбейтіп, жалпы ішкі өнім көлемінің екі пайызына жеткізуге дайын екені айтылады.

Саммит НАТО елдерінің бірлігіне қатысты алаңдаушылық туындай бастаған кезде өтті. Кездесу қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО мүшелерін сынаған.

Трамп НАТО мүшелерін қорғанысқа жеткілікті қаржы бөлмейді деп айыптап, альянс жарғысындағы одаққа мүше елдердің біріне шабуыл тұтас блокқа жасалған шабуыл деп қабылданатыны туралы ережеге күмән келтірген. Дегенмен, ол кейін аталған ережені толық қолдайтынын мәлімдеген. Саммит кезіндегі бейресми кездесуде Трамп Германия канцлері Ангела Меркельге де тиісе сөйлеп, Германияны "Ресейдің тұтқыны" деп атаған.

Дереккөз: azattyq.org

12 шілде 2018, 09:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.