2 шілдеге қараған түні Мақат ауданының орталығында екі жас жігіт оққа ұшып, орталық ауруханаға жеткізілді. 25 жастағы жігітті құтқару мүмкін болмады, оның 26 жастағы досының халі мүшкіл.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, ҚР ҚК 96-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Криминалды полиция, аудандық ІІБ және ІІД тергеу басқармасы қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы күдікті деп танылған 23 жастағы Мақаттың бір тұрғынын ұстады. Ол бұрын тонауға қатысқаны үшін сотталған. Қазірде тергеу шаралары жүріп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл оқиға «Әсел» қонақ үйінің алдында орын алған 4-ші ауыл жастарының қатысуымен болған жаппай төбелестің салдарынан басталған. Төбелестің арты атысқа айналған.
Бұл Мақат ауданы үшін таңданарлықтай оқиға емес. Доссорда да екі күннің бірінде мылтық даусы естілетінін тұрғындары жиі айтады. 2011 жылдың қарашасында Доссор поселкесінде жас жігітті атқан адам 9 жылға сотталған еді. Осы жылдың сәуір айында да 23 жастағы жергілікті тұрғын екі ауылдасына оқ атып, жаралаған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ